499
Азалы үйдің ысырапшылдығы – әсіреңкілік
Азалы үйдің ысырапшылдығы – әсіреңкілік
Қазақ үшін шығын көп. «Жұрт не дейді?» деген желеудің талайдың соңғы асын сарқып, қара нан мен суға қаратады. «Түркістан» газетінің өткен санында «Үйлену оңай, той жасау қиын» деген мақалада екі жас отау құрса, тойға қанша қаражат жұмсайтыны есептелген еді. Бір таңқаларлығы, тойшыл халықтың қонақжайлылығы өлімде де өзгермейді. Қаза тапқан адамды арулап аттандырудың шығыны шағын тойдың даңғазасына жақындап қалған.
Мысалы, соңғы жылдары республика аймақтарының бәрінде дерлік қайтқан адамның қонақасы мейрамханада берілетін болған. Той дастарқанынан кем емес. Кісі қайтыс болғанда мейрамхана іздеуге асығады. Ал Ақтөбе облысында адам айтса сенгісіз. Бірінші – «кіші қонақасы», ертесі күні – «үлкен қонақасы», үшінші күні жер қойнына тапсырады. «Нұр Ғасыр» мешіті ақсақалдар алқасының мүшесі Бекежан Ахан ақсақалдың айтуынша, садақаны (қонақасы) бей-берекет берудің жөні жоқ. «Қазір өлік өзімен-өзі қалады. Ал бүкіл ағайын-тумалары көтеріліп, тойдың дастарқанына ілесіп, мейрамханаға кетеді. Көңіліне қаяу түсіріп, қасірет жамылып отырған дастарқанды, өлік шығарып отырған жерді қалай біз тойдың дастарқанындай етіп жасауымыз керек? Тіпті бұл психологиялық тұрғыдан да келмейді», – дейді қария. Ақсақалдар алқасының ұсынысы мен мешіттің сөзі бір жерден шықты. «Қазір садақа мәзірінде құстың сүтінен басқаның бәрі бар десек, қателеспейміз. Бұрын қаралы үйде тек жаназа намазы оқылып, қазан көрші үйлерде көтерілген. Қазір мұның бірі де жоқ. Ең сорақысы, қазалы үйдің қазанын әңгіме ететіндер де кездеседі. Басты мақсатымыз – қуаныш пен қазаның аражігін ажыратып, халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу, садақа мәзірін мейлінше қарапайымдылыққа негіздеу», – дейді «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан. Расында, «жалғыз бауырын жөнелте алмады», «дастарқанда түк жоқ» деген қаңқу сөзден қашқан қазақтар мейрамханада не болмаса үйіндегі дастарқанға уылдырыққа дейін қояды екен. Осы орайда мешіт жанындағы асхана меңгерушісі Мәриям Беркімбаева көпшілік дәулет аяйтын жер бұл емес деп көзсіз ақша шашатынын айтуда. «Кейбіреу «садақаға келген жұрт дастарқандарында дым жоқ демесін» деп тартыншақтайды. Жалпы байқағаным, көпшілік ысырапшылдыққа іштей болса да қарсы. Бірақ бәрібір «ел не дейді?» деп қымсынады», – дейді ол. Бекежан қажының айтуынша, бір адамға шамамен 1000 теңге жұмсалуы тиіс. «100 адамға 170 мың теңге деп есептейміз. 105 мың теңгесі – азық-түлік, қалғаны – асхана қызметкерлерінің үлесі. Қонақасын мейрамханада беретін кісілер бар, онда 100 адамдық дастарқанға кемі 300-400 мың теңге кетеді. Бұл – ысырап», – дейді.
Жуырда осы мақсатта Ақтөбеде «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты конференция өтті. Жиын барысында аудан имамдары қонақасы мәзірін бекітті. «Садақа (қонақасын) мәзірі мейлінше қарапайым болуы керек», яғни мешіт ұсынған мәзірде бауырсақ, май-қаймақ, өрік-мейіз, шайға тістейтін тәттілер мен ет сияқты қазақ тағамдары болуы керек. «Мәзірде тары-талқан, жеті нан, бауырсақ, өрік-мейіз бар. Ыстық тамаққа ет асылады немесе палау пісіріледі. Осы арқылы біз ысырапшылдықтан арылуды ұсынамыз. Әрі қарапайым халық садақа дастарқанын жайған кезде қиналмайды. Алдағы уақытта мешіттердің асханасында осы мәзір бойынша дастарқан жайылатын болады. Бұл – талап. Ал мейрамханаларға тек мәзір ұсынылады. Олар өздері шешім шығарады. Қазір біз садақада тойдың дастарқанын байқап жүрміз. Бұл – ысырапшылық», – деді облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан.
Бұл мәзірді бекітпес бұрын арнайы сауалнама жүргізілген. Садақаның ас мәзірін дайындау кезінде облыстағы 12 аудан қамтылды. Олардың 85 пайызы ысырапшылдыққа қарсы. Десе де жөнелту, жерлеу рәсімінен халықтың аянбайтыны анық. Әсілі, біреудің асын несіне аяйсыңдар дейді жұртшылық. Бірақ жалпақ жұрттың жағдайы бірдей емес. Біреуден қалыспауға, біреуден озуға тырысатындар да бар. Бұл өлім жөнелтуде де кездеседі. «Өмірде көрген қызығы шамалы» деп жиған-тергенін шашып, несие алып, мейрамханада қонақасы өткізетіндер де бар. Сондықтан бұл игі істің барлық өңірлерде қолға алынып, қолданысқа енгізілгені жөн. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының бір елді мекенінде де ысырапшылдықтың алдын алу үшін өлім-жітімде бір рет қана ас беру туралы пәтуа шығарылған. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, жаңа молда қонақасы, жетісін біріктіріп, бір рет қана дастарқан жаюды міндеттеген. Әуелде бұған қарсы болған ауыл адамдары кейіннен молданы қолдап, біртіндеп бойы үйреніп, асыра ысырапшылдыққа жол бермеуге келісіп отыр.
Қонақасы – қонаққа арналған дәм, мәзір. Дәстүрлі қазақ қоғамында үйге тосын келген немесе арнайы шақырылған қонақтың қадір-құрметіне, жас мөлшері мен туыстық қатынасына қарай сойылған малдың мүшелерінен сыбағалы табақ тартады. Яғни, кісі өлгенде алыстан келген ағайындарға жайылатын дастарқан. Бірақ бүгінде бұл дастарқанға ауыл адамдары, көрші-қолаң мен келем деушілердің бәрі қатысатын болған.
Соңғы жылдары ауызашардың да мәзірі ұсынылған болатын. Алайда кеңпейіл халқымыз оны да ескермеді, мол дастарқан жаюдан аянған емес. Әсілі, барлық өңірде осындай мәзір бірауыздан қабылданып, өлім-жітім дастарқаны мәзірге сай жайылса...