Жамбыл облысында ер адам әйеліне хабарласқаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды

/
Жамбыл облысында ер адам әйеліне хабарласқаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды
unsplash.com

Жамбыл облысында қорғау нұсқамасының талабын бұзған ер адам әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Істі Мойынқұм аудандық соты қараған. Сот мәліметінше, 2026 жылдың маусым айында әйел адам полицияға хабарласып, заңды жұбайының үйіне келіп, бірнеше рет телефон шалып, мазасын алғанын айтқан.

Белгілі болғандай, ер адамға бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Алайда ол белгіленген шектеулерді сақтамай, жұбайымен байланысқа шыққан.

Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Бұл жағдай сотта жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот ер адамды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енді.

Сот қорғау нұсқамасын бұзу заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Сондай-ақ азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған шектеулерді қатаң сақтауға шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар