«Әділет» партиясының алаңында мұнай-газ саласының өзекті мәселелері талқыланды

«Әділет» партиясының алаңында мұнай-газ саласының өзекті мәселелері талқыланды
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі алаңында мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері мұнай-газ саласын дамыту, инвестиция тарту, геологиялық барлау жұмысын жүргізу және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Партия Төрағасы Айбек Дәдебай атап өткендей, Қазақстанның жаңа инвестициялық кезеңге қадам басуы мұнай-газ саласын дамытуға қатысты тың тәсілдерді талап етеді. Оның айтуынша, бүгінде басымдық тек табиғи ресурстарды өндіруге ғана емес, сонымен қатар технологияларды, адами капиталды және қосылатын құны жоғары өндіріс орындарын дамыту ісіне берілуге тиіс.

«Экономикалық саясат өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, ел ішінде жаңа құндылық қалыптастыруға бағытталуы қажет. Бұл – заманауи өндірістерді дамыту, жаңа технологияларды игеру, қазақстандық кәсіпорындардың әлеуетін нығайту және азаматтарға тың мүмкіндіктер ұсыну», – деді Айбек Дәдебай.

Кездесу барысындағы негізгі тақырыптардың бірі – геологиялық барлау жұмысы. KAZENERGY Қауымдастығының Төрағасы Болат Ақшолақов бұл бағытты одан әрі дамыту үшін инвестиция тартудың тиімді тетіктерін қалыптастырып, салалық реттеуді жетілдіру қажет екенін атап өтті.

«Силлено» компаниясының бас директоры Мұхтар Авутбаев мұнай-газ химиясын дамытуға бағытталған нақты жобаларды таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде құрылыс жұмысы жүріп жатқан полиэтилен өндіретін зауыт пайдалануға берілгеннен кейін жылына 1,25 миллион тонна өнім өндіріп, мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға және сабақтас салаларда қосымша жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол аталған жобаны жүзеге асыруға бүгінде 34 қазақстандық компания қатысып жатқанын мәлімдеді.

Талқылау барысында тәуелсіз мұнай өндіру секторына да назар аударылды. PetroMining Қауымдастығының Төрағасы Саятбек Боранбеков қауымдастық құрамындағы компаниялар Қазақстандағы мұнай өндірісі көлемінің 20%-дан астамын қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, саланы одан әрі дамыту үшін баға қалыптастырудың ашық әрі экономикалық тұрғыда негізделген тетіктерін қалыптастыру қажет.

«Осы алаңда сала өкілдері жүйелі мәселелерді ашық талқылай алатыны қуантады. Біздің ойымызша, ашық баға индикаторларын қалыптастыру қадамы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа кен орындарын игеруге қолайлы экономикалық жағдай жасайды», – деді Саятбек Боранбеков.

Қатысушылар мұнай сервистік қызметтерін, мұнай-газ машина жасау ісін дамыту, ресурстық базаны кеңейту және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілетін арттыру барысына да ерекше назар аударды.

Партия Төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, бұл бағыттарды дамыту қадамы заманауи индустриялық экономиканы қалыптастыру ісінің маңызды құрамдас бөлігі саналады.

«Қазақстанның басты байлығы – табиғи ресурстарды тиімді игеріп, оны мемлекет дамуына қажет жаңа мүмкіндіктерге айналдыра алатын адамдар. Егер инженерлерге, кәсіпкерлерге және өндірушілерге қажетті жағдай жасалса, Қазақстан табиғи ресурстарымен ғана емес, өз технологияларымен, өндірісімен және қуатты отандық компанияларымен де танылады», – деді ол.

Талқылау жұмысын қорытындылай келе партия Төрағасы мұндай сарапшылар алаңы мұнай-газ саласын дамытуға қатысты ортақ ұсыныстар әзірлеуге және оны одан әрі дамыту ісінің басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары