Жетісу облысында жасөспірім қыздың интимдік материалдарын таратқан жігіт ұсталды

/
Жетісу облысында жасөспірім қыздың интимдік материалдарын таратқан жігіт ұсталды
polisia.kz

Жетісу облысының тұрғыны кәмелетке толмаған қыздың интимдік сипаттағы материалдарын заңсыз таратқаны үшін ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері интимдік сипаттағы материалдарды заңсыз тарату дерегін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Алакөл ауданының 22 жастағы тұрғыны болып шықты.

Тергеу мәліметінше, күдікті TikTok әлеуметтік желісі арқылы кәмелетке толмаған қызбен танысып, кейін байланысын мессенджерлердің бірі арқылы жалғастырған. Қыздың сеніміне кірген ол психологиялық қысым көрсетіп, қорқытып, сондай-ақ 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы беремін деп уәде етіп, одан интимдік сипаттағы фотосуреттер мен бейнематериалдарды алған.

Кейін күдікті аталған бейнематериалдарды мессенджерлердің біріндегі жабық арналар арқылы заңсыз таратып, одан материалдық пайда тапқан.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Полиция ата-аналарды балалардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Кәмелетке толмағандарға әлеуметтік желілерде қауіпсіз қарым-қатынас жасау қағидаларын түсіндіріп, бейтаныс адамдармен байланысудың қауіпті екенін және ешбір жағдайда жеке фотосуреттері мен бейнематериалдарын бөгде адамдарға жібермеу қажеттігін үнемі ескертіп отырған жөн. Егер сіз немесе балаларыңыз интернет арқылы бопсалау, қорқыту, ақша талап ету немесе жеке деректердің заңсыз таратылуы сияқты жағдайларға тап болса, дереу полицияға хабарласыңыздар. Уақтылы берілген ақпарат құқық бұзушыларды жедел анықтауға және осындай қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары