АҚШ-тан Жапонияға дейін: Домбыра үні жер шарын шарлады

/
АҚШ-тан Жапонияға дейін: Домбыра үні жер шарын шарлады

Ұлттық домбыра күніне орай әлем қазақтары мен қазақ өнерінің шетелдік жанкүйерлері басын қосып, жаһандық мәдени кеңістікте үлкен серпіліс тудырды. «Отандастар қоры» мен «Арқайым» тобының бірлесе ұйымдастырған «Домбыра DNA» халықаралық музыкалық челленджі домбыраның заманауи әлемдегі жаңа тынысын айқындап, оның халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға бағытталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ауқымды мәдени шараға АҚШ, Жапония, Бельгия, Франция, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Испания, Португалия, Чехия, Хорватия, Аустрия, Нидерланд, Швеция, Словакия, Мажарстан, Грекия, Малайзия, Чили, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және Моңғолия сияқты әлемнің 20-дан астам елінде тұратын отандастарымыз бен шетелдік азаматтар белсенді қатысты. Бастамаға отандық «Арқайым» және «Тұран» этно-фолк топтары алғашқылардың бірі болып қолдау білдірсе, Лос-Анджелестегі белгілі композитор Марат Омаров та өз үлесін қосып, жобаның ауқымын кеңейте түсті.

Шетелдік қатысушылар арасынан алғашқы болып «Отандастар қоры» домбыра үйірмесінің шәкірті, португалиялық Joseph Ribeiro үн қосып, өзге ұлт өкілдеріне үлгі болды. Оның бұл қадамын әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннің шетелдік жанкүйерлері, түркиялық музыканттар, бельгиялық Лукас пен чилилік Мария жалғастырып, өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ Жапониядағы қазақтар қауымдастығы қабыл алған челленджге жапондық Акира, Такахаши, Аска және Хитоми ерекше үлес қосып, қазақ әндерін асқан шеберлікпен орындап шықты.

Сонымен қатар Нью-Йорктегі «Qazaq American Qaganat», Малайзиядағы «Qazaq Community», Кореядағы «Qazaq Nomad» орталықтары мен Испания, Ресей, Өзбекстан, Нидерландыдағы қазақ диаспоралары бастаманың басты қозғаушы күшіне айналды. Шетелдегі отандастарымыз бен қазақ мәдениетіне қызығушылық танытатын өзге ұлт өкілдері домбырамен күй төгіп, ән шырқап, ұлттық өнерімізді жаһандық деңгейде насихаттады.

«Домбыра DNA» халықаралық челленджі әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды ғана емес, қазақ мәдениеті мен ұлттық өнеріне қызығушылық танытатын шетелдік қатысушыларды да бір ортаға тоғыстырды. Бұл бірегей жоба домбыраның жай ғана ұлттық болмыстың символы емес, жүректерді үнсіз ұғыстырып, халықтарды жақындастыратын шекарасыз мәдени құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары