Астанада Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Асыл мұра» концерті ұлттық өнерді ұлықтаған тағылымды кешке айналды, деп хабарлайды turkystan.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елорда күні қарсаңында Бейбітшілік және келісім сарайындағы бұл мәдени жоба биыл төртінші рет өтті. Биылғы концерттің басты ерекшелігі – қазақтың әншілік және күйшілік мектептерін бір сахнада тоғыстырып, ұлттық өнерді жаңа технологиялармен үндестіре білуінде.
«Асыл мұра» – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі музыка өнерін кеңінен насихаттап, тарихи-мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен ауқымды жоба. Концертте Арқа, Сыр, Жетісу, Алтай-Тарбағатай және Батыс өңірлерінің дәстүрлі әншілік және күйшілік мектептері кеңінен таныстырылып, әр өңірдің орындаушылық ерекшелігін айқындайтын әндер, күйлер мен жыр-термелер орындалды.
Биылғы концертке 90-ға жуық өнерпаз қатысып, қазақтың дәстүрлі өнерінің сан қырын көрермен назарына ұсынды. Сахнада Сержан Мұрсайын, Перизат Тұрарова, Өзгеріс Шерікбай, Бейбіт Мұсаев, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов, Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпен, Айгүл Қосанова, Дастан Есентеміров, Айгүл Елшібаева, Қазбек Әдікей, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Гүлмира Сарина секілді дәстүрлі өнер майталмандары өнер көрсетті.
«Асыл мұра» концерті жылдан жылға мазмұны жағынан да, деңгейі жағынан да өсіп келеді. Әр ұлттың өзіне тән асыл құндылығы болады. Қазақ үшін сол құндылықтың бірі әрі бірегейі – домбыра. Өз халқының құндылығын дәріптеген адам – ұлтының нағыз жанашыры. Бүгін Ұлттық домбыра күні. Осы мерекемен барша халықты шын жүректен құттықтаймын! Домбыраны насихаттау халқымыздың берекесін, рухын көтеру деген сөз. Домбыра – қазақтың жаны, қазақтың негізі. Біз осы аспаптың үнімен өсіп, тәрбиелендік. Домбыраны тек күйші немесе әнші ғана тартуы керек емес. Оны тыңдай білудің өзі – отансүйгіштіктің белгісі. Қазір жастардың домбыраға деген қызығушылығы артып келеді. Мектептерде домбыра сабақтарының енгізілуі де – ұлттық құндылықты сақтап, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған маңызды қадам. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда домбыра өнеріне бет бұрған балалардың саны айтарлықтай көбейді. Бүгін сахнада өнер көрсетіп жүрген әншілер, күйшілер, жыршы-термешілердің барлығы ұлттық мәдениетіміздің дамуына өз үлесін қосып келеді. Жыл өткен сайын халықтың домбыраға деген сүйіспеншілігі мен отансүйгіштік сезімі артып келе жатқаны қуантады», – деді күйші-композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ахат Байбосынов.
Бұл пікірді күйші-ұстаз, фольклортанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Айтжан Тоқтаған да жалғастырды.«Ұлттық өнерді дәріптеу – ұлттың рухын көтеріп, халықтың болмысын айқындайтын маңызды құндылық. Сондықтан ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттау өскелең ұрпаққа тәрбие берудің, ұлттық сананы қалыптастырудың тиімді жолы. Осындай бағыттағы бүгінгідей концерттердің рөлі ерекше. Мұндай ауқымды мәдени шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, оның ел руханиятына берері мол. Әрбір ісіміз, әрбір бастамамыз ұлттық негізге құрылуы керек. Ұлттық тамырымыздан ажырамаудың, оны келер ұрпаққа аманаттаудың бірден-бір жолы – ұлттық өнерді дәріптеу. Өйткені ұлттық өнер – ұлттың тірегі, халықтың болмысы. Сол болмысты жыл сайын жаңа қырынан танытып, әлі ашылмаған қырларын халыққа ұсына білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын!» – деді Айтжан Тоқтаған.
«Асыл мұра» дәстүрлі өнердің өткеннің еншісінде қалып қоймағанын, қайта уақытпен үндесіп, жаңа сипатта жаңғырып келе жатқанын көрсетті. Бір сахнада бас қосқан 90-ға жуық өнерпаздың орындауындағы ән мен күй, жыр мен терме көрерменге ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.