Маңғыстау облысында Бекет ата жерасты мешітіне барғаннан кейін із-түзсіз жоғалған үш тұрғынды іздестіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияның мәліметінше, 2 шілде күні 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова Great Wall маркалы автокөлікпен Бекет ата жерасты мешіті бағытына жолға шыққан.
Белгілі болғандай, олар соңғы рет сол күні сағат 16:15 шамасында байланысқа шығып, WhatsApp арқылы мешіт маңынан түсірілген бейнежазбаны жолдаған. Содан бері олармен ешқандай байланыс орнату мүмкін болмай отыр.
Іздестіру шараларына полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, «Охотзоопром» РМК мамандары және өзге де жедел қызмет өкілдері жұмылдырылған. Іздеу жұмыстары бірнеше бағытта жүргізіліп, оған тікұшақтар, арнайы техника және қажетті құрал-жабдықтар тартылған.
Сонымен қатар еріктілер өңір тұрғындарын іздеу жұмыстарына қолдау көрсетуге шақырды. Әсіресе, аумақты әуеден шолып шығу үшін дроны бар азаматтардың көмегі қажет екені айтылды.