Алматы облысында нөсер салдарын жою жұмыстары күшейтілді

/
Алматы облысында нөсер салдарын жою жұмыстары күшейтілді
Фото: Алматы облысы ПД

Алматы облысында бірнеше күн қатарынан жауған нөсер жауын салдарынан өңірдің бірқатар ауданында өзендер арнасынан асты.

Табиғи апат салдарын жою үшін тіпті аудандық деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған. Су деңгейі ең көп көтерілген өзендер қатарында Түрген, Ақсай, Ұзынқарғалы және Талғар өзендері бар. Осыған орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сел жүрген аумақтарды аралап, апат салдарын жою жұмыстарын тексерді.

Аймақ басшысы алдымен Қарасай ауданындағы жағдаймен танысты. Мұнда Ақсай өзеніндегі су деңгейі күрт көтеріліп, «Toimart» сауда үйінің іргелес аумағы мен жертөлесін су басқан. Адам шығыны мен зардап шеккендер болған жоқ.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарына барлығы 127 адам мен 7 арнайы техника тартылды. Оған Төтенше жағдайлар департаменті мен әскери бөлім қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың мамандары қатысты. Жедел жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде дүкеннің жертөлесіндегі су толық шығарылып, өзен арнасы лай мен қоқыстан тазартылды. Соның нәтижесінде су ағыны қалыпқа келтіріліп, кедергісіз ағуда.

Бұдан бөлек Қарасай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында өзен жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ сырғыды. Қазіргі таңда су тасқыны қаупін төмендету мақсатында ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өзен арнасының 280 метрі 4 метрге тереңдетіліп, ал ені 5 метрге дейін кеңейтілген. Жалпы көлемі 5600 текше метр топырақ шығарылып, арнайы техниканың қауіпсіз жұмыс істеуі үшін ұзындығы 320 метр технологиялық жол салынған. Авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына 90 адам мен 29 арнайы техника жұмылдырылды.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Өңірдегі Түрген өзенінің аумағында да дәл осындай жағдай тіркелген. Еңбекшіқазақ ауданындағы «Түрген — Асы» автомобиль жолының 24 және 26-шақырымдарында тас көшкіні жүріп, өзеннің арнасынан шығуына байланысты жол жабылды. Өзен бойында орналасқан, демалыс аймақтарына тиесілі 17 киіз үйді су басты. Сонымен қатар өзен үстінен салынған уақытша көпірлердің бір бөлігі зақымданды. Осыған байланысты 1 шілдеден бастап Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті, облыстық және аудандық әкімдіктер бірлесіп жедел штаб құрып, күшейтілген режимде жұмыс жүргізді. Күн сайын 20-дан астам арнайы техника мен 60-тан астам қызметкер жұмыс істеп, өзен суы қайта өз арнасына бағытталды. Төрт күн ішінде туристер мен Асы жайлауындағы малшыларды қоса алғанда 100-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Таулы аумақтарға адамдардың баруына уақытша шектеу қойылып, полиция бекеттері мен кезекшілік ұйымдастырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде елді мекендерді су басуына жол берілген жоқ.

Қазіргі уақытта «Түрген — Асы» автомобиль жолының бүлінген учаскелерінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жол ағаш, бұталардан және тастардан тазартылып, жол төсемін қалпына келтіруге дайындық жұмыстары атқарылуда.

Облыс әкімі жауапты мекемелерге төтенше жағдай салдарын жою жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

— Су өткізу жүйелерін тұрақты бақылауда ұстап, өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қауіп толық сейілгенге дейін барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуі тиіс. Техникалық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, су деңгейін төмендетудің барлық тиімді жолдарын қарастыру қажет. Ең бастысы — мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды, — деді Марат Сұлтанғазиев.

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, облыстың таулы аумақтарында жауын-шашынның жалғасуына байланысты қауіп толық сейілген жоқ. Осыған байланысты өңірдегі жағдай толық бақылауда болады. Төтенше жағдай салдарын жою, өзен арналарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Қауіп толығымен жойылғанша қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары