Алматы хайуанаттар бағында ерекше қуанышты жаңалық болды. Арчи мен Белла есімді шайқағыш жанаттар үш күшік әкелді. Бұл – соңғы 20 жылға жуық уақыт ішінде зообақта дүниеге келген алғашқы шайқағыш жанат төлдері, деп хабарлайды turkystan.kz.
Күшіктер 27 сәуірде туған. Алғашқы айларда олар анасының қасында, ұяда болған. Белла төлдерін мұқият бағып, оларды сырт көзден қорғаған. Қазір күшіктер өсіп, өздігінен қозғала бастаған. Олар үлкен қоршауға шығып, айналаны қызығушылықпен зерттеп жүр.
Әзірге күшіктердің жынысы анықталмаған. Сондықтан оларға ат кейінірек қойылады.
«Шайқағыш жанаттардың жаңа туған күшіктерінің салмағы небәрі 60-70 грамм болады. Олар соқыр әрі саңырау күйде дүниеге келеді және алғашқы апталарда толықтай анасына тәуелді болады. Бұл уақытта тек ана сүтімен қоректенеді. Қазір күшіктер біртіндеп ересек жануарлардың азығына үйреніп келеді. Рационында ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек және сүйікті сұлы ботқасы бар», – деді «Жыртқыш сүтқоректілер» бөлімінің жетекшісі Гаухар Сергібаева.
Шайқағыш жанаттар отбасы хайуанаттар бағының «Леопард» аймағында, жыртқыш аңдарға арналған ең шеткі қоршауда мекендейді. Бұл орын керіктер экспозициясына қарама-қарсы орналасқан.
Алматы хайуанаттар бағы келушілерді жаңа туған жанат күшіктерін көруге шақырды. Сонымен бірге мамандар жануарлардың тыныштығын сақтау маңызды екенін ескертті. Себебі тыныш орта күшіктердің денсаулығы мен қалыпты өсіп-жетілуі үшін қажет.
Зообақ қызметкерлері кішкентай жанаттардың аман-есен өсіп, жақсы жетілетініне сенім білдіріп отыр.