Танымал әзілкеш Қайрат Әділгерейдің жары Бақыт Тұрман қыз-келіншектерге жар таңдауда ең алдымен адамның мінезі мен жеке қасиеттеріне мән беруге кеңес берді, деп turkystan.kz тілшісі Sn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша, адам шынайы махаббатты сезінген кезде ғана өмірдің қадірін терең түсінеді. Ол бұл ойын Қайрат Әділгерейді не үшін таңдағанын айтып түсіндірді.
"Қайратты таңдауыма әсер еткен басты себептердің бірі – оның тарихты жақсы білуі. Меніңше, тарихты терең білетін ер адам – ақылды адам", – деді әнші.
Бақыт Тұрман болашақ жарының үлкендермен қарым-қатынасы да өзіне қатты әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, Қайрат жастармен ғана емес, жасы үлкен кісілермен де еркін сөйлесіп, олардың әңгімесін ықыласпен тыңдай білген.
"Ол үлкендермен үлкен адамша сөйлесетін. Бұл – көргенділіктің, тәрбиенің белгісі. Үлкеннің сөзін тыңдап, одан сабақ ала білетін жігіттер көп емес. Маған оның дәл осы қасиеті қатты ұнады", – деді ол.
Әнші қыздарға жар таңдағанда материалдық жағдайды бірінші орынға қоймауға кеңес берді. Оның пікірінше, қымбат көлігі, үйі немесе бренд киімдері бар жігіттен бұрын, мінезі дұрыс, адамгершілігі мол азаматқа назар аударған жөн.
«Ең бастысы – адамның өзі. Ақылды, еңбекқор, іскер, сөзінде тұратын және сізге құрметпен қарайтын жігітті таңдаңыздар. Бәрінен маңыздысы – сізді шын сүйетін адамды таңдау. Шынайы махаббатты сезінген адам ғана "шын өмір сүрдім" деп айта алады", – деді Бақыт Тұрман.