Би денсаулыққа қалай әсер етеді?

/
Би денсаулыққа қалай әсер етеді?
istockphoto.com

Би – дене мен ой-сананың саулығын сақтаудың ерекше тәсілі. Бірсарынды жаттығулардан айырмашылығы, би адамға ләззат сыйлап, күйзелісті азайтады әрі жаттығуға деген ынтаны арттырады. Сондықтан би тек физикалық денсаулыққа ғана емес, эмоциялық күйге, әлеуметтік қарым-қатынасқа және танымдық қабілеттерге де оң әсер етеді. Бұл туралы Пирогов университетінің дәрігері Марья Старцева айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Би – тек шығармашылық емес, сонымен қатар денені сергек ұстайтын әрі бір сарынды жаттығулардың орнын басатын толыққанды физикалық белсенділік.

Билеген кезде денедегі барлық дерлік бұлшық ет жұмыс істейді. Хип-хоп, сальса немесе зумба сияқты белсенді билермен бір сағат айналысқанда 300-ден 600 килокалорияға дейін энергия жұмсауға болады. Бұл жүгірумен немесе спорт залындағы қарқынды жаттығумен тең.

Сонымен қатар жүгіру немесе жаттығу залындағы жаттығуларға қарағанда буындарға түсетін жүктеме жеңілірек болады. Бұл жарақат алу қаупін азайтып, биді кез келген жастағы әрі дайындық деңгейі әртүрлі адамдар үшін қолайлы етеді.

Тұрақты би сабақтары төзімділікті, қимыл үйлесімділігін және икемділікті жақсартып, жүрек пен қан тамырларын нығайтады. Зерттеулерге сәйкес, бимен айналысатын адамдар гипертония мен жүрек ауруларына сирек шалдығады.

Ең бастысы – мұның бәрі міндет секілді сезілмейді. Музыка, ырғақ және адамдармен бірге билеу жаттығуды қызықты етеді. Сондықтан би үйірмесін тастап кету спортзал абонементінен бас тартуға қарағанда қиынырақ. Тіпті мерекелік кеште билеудің өзі денсаулыққа пайдалы.

Би адамның эмоциялық жағдайына тікелей әсер етеді. Себебі би кезінде «бақыт гормондары» саналатын эндорфиндер бөлінеді. Музыка ырғағымен орындалатын қимылдар мидағы ләззат орталықтарын белсенді етіп, күйзеліс пен мазасыздық деңгейін төмендетеді.

Зерттеулер көрсеткендей, небәрі 20 минут билеудің өзі көңіл күйді жақсарта алады.

Қимыл мен эмоцияның байланысы дененің музыка ырғағы мен қуатын бейнелеуімен түсіндіріледі. Жылдам билер сергітсе, баяу билер тыныштандырады. Сондықтан би – эмоцияны табиғи жолмен реттеудің кез келген адамға қолжетімді тәсілі.

Мысалы, танго немесе вальс сияқты жұптық билер серіктесті сезінуге, оған бейімделуге, сөзсіз-ақ жетектеуге немесе соңынан еруге үйретеді. Бұл қимыл үйлесімділігін ғана емес, эмпатияны, тыңдай білуді және өзгенің жеке шекарасын құрметтеуді де дамытады.

Би – жай ғана дене жаттығуы емес. Ол миға арналған кешенді жаттығу. Себебі адам тек қимылдарды ғана емес, музыкалық екпіндерді, эмоцияларды және серіктесімен өзара әрекеттесуді де есте сақтайды.

Би депрессиямен күресуге де көмектеседі. Себебі дене белсенділігі эндорфиндердің бөлінуін арттырады. Музыка ырғағымен қозғалу серотонин мен дофамин деңгейін көтеріп, көңіл күйді жақсартады әрі мазасыздықты азайтады.

Бидің тағы бір артықшылығы – эмоциялық жеңілдік сыйлауы. Адам ашу-ыза, мұң немесе күйзеліс сияқты іште жиналған сезімдерін қимыл арқылы сыртқа шығара алады. Бұл үшін сөздің қажеті жоқ – дененің өзі сөйлейді.

Топтық сабақтар адамдармен араласуға мүмкіндік беріп, жалғыздық сезімін азайтса, жеке билеу адамның өзіне деген сенімін арттырып, өз өмірін бақылауда ұстай алатынын сезіндіреді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары