"Қазақ жігіттеріне жол ашқым келеді": Дастан Сәтпаев алдағы мақсатын айтты

/
"Қазақ жігіттеріне жол ашқым келеді": Дастан Сәтпаев алдағы мақсатын айтты
ҚФФ

Алматылық "Қайрат" футбол клубының жас әрі талантты ойыншысы Дастан Сәтпаев клуб медиасына сұхбат беріп, алдағы жоспарлары мен "Челсидегі" басты мақсаттары туралы айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жас футболшы өз сөзінде жеке жетістікпен ғана шектелмей, қазақстандық футболдың абыройын халықаралық деңгейде көтергісі келетінін жеткізді. Оның айтуынша, басты армандарының бірі – Еуропа клубтарының Қазақстандағы жас таланттарға назар аударуына ықпал ету.

"Өзіме ғана көпір салып қоймай, артымнан еретін қазақстандық жігіттерге де жол ашқым келеді. Скауттар мен бапкерлер тек Еуропаға немесе басқа құрлықтарға емес, Азияға, оның ішінде Қазақстанға да назар аударса екен деймін. Біздің жас таланттарды көріп, тани білсе екен", – деді Дастан Сәтпаев.

Сұхбат барысында футболшыға “Осы бейнені 10 жылдан кейін қайта көрсең, болашақтағы өзіңе не айтар едің?” деген сұрақ қойылды. Дастан бұл сауалға кәсіби көзқараспен жауап беріп, ешқашан тоқтап қалмау керегін айтты.

"Сенің бұдан да үлкен белестерді бағындыруға шамаң жетеді. Сондықтан жеткен жетістігіңмен ешқашан шектеліп қалма. Өзіңе әрдайым бүгінгі табысыңнан да жоғары, әлдеқайда қатаң талап қоя білуің керек", – деді ол.

Дастан Сәтпаев "Қайрат" сапында өткізген уақытын ерекше сезіммен еске алды. Ол жеңісте де, жеңілісте де командамен бірге болған жанкүйерлерге алғыс айтты.

Футболшының сөзінше, әр матчта стадионға келіп, 90 минут, кейде 120 минут бойы тоқтаусыз қолдау көрсеткен жанкүйерлердің орны ерекше.

"Жеңісте де, жеңілісте де бізбен бірге болғандарыңыз үшін ризамын. Маған арнап ерекше әрі есте қалатын ұран шығарғандарыңыз үшін рақмет. Сіздерді жақсы көремін және қатты сағынатын боламын", – деп ағынан жарылды Дастан Сәтбаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар