Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында ажырасу, отбасы құндылығы және ұл тәрбиесі туралы ой қозғады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тележүргізуші қазіргі қоғамда ажырасудың қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанына алаңдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар арасындағы мәселе көбіне екі адамның өзара түсініспеушілігінен ғана емес, ата-аналардың араласуынан да ушығып кетеді.
"Сыночка-корзиночка" деген мем маған күлкілі емес. Байқап жүрсіздер ғой, қазір үлкенге де, кішіге де ажырасу оп-оңай болып кетті. Ешкім сынамайды, жөнге салмайды, татуластыру да азайған. Демократия осы екен деп, мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдаймыз. Ерлі-зайыптылар бір-бірімен емес, кейде бір-бірінің ата-анасымен күресіп кетеді. Бірі ананы, бірі келінді, бірі баланы кінәлайды. Бірақ шындық көбіне ортасында жатады", – деді ол.
Ләйлә Сұлтанқызының сөзінше, кей жағдайда ата-ана ұлын тым аялап өсіреді, кейде әйел ер адамның жауапкершілігін өз мойнына алып қояды, ал кейде ер адамның өзі есеюге асықпайды.
"Мәселе "сыночка-корзиночкада" емес. Мәселе – ересек адамның ересек жауапкершілікті алуға дайын болмауында. Ұлға да, қызға да қалдыратын ең үлкен мұрамыз – ақша емес. Ең үлкен мұра – жауапкершілік, дербестік және отбасы құндылығын түсіндіру. Оны қалай үйретеміз? Өз іс-әрекетімізбен. Сөзбен емес", – деді тележүргізуші.
Сонымен қатар ол өз ұлдарымен қарым-қатынасында да өзгерістер болып жатқанын ашық айтты. Ләйлә Сұлтанқызы ұлдары есейген сайын арадағы шекараның қалыңдап, жеке тақырыптардың көбейіп келе жатқанын жеткізді.
"Өз тәжірибемде ұлдармен бірге өткізетін сәттеріміз азайып барады. Айтылмайтын тақырып көбейіп келеді. Ортадағы шекара қалыңдап, олардың ‘жеке’ мәселелері артып жатыр. Махаббат тек сүйісу мен қол ұстасып қыдыру емес екенін олар өз тәжірибесінде түсініп жүр", – деді ол.
Тележүргізуші бұрын ұлдарына тұрмыстық сұрақтарды жиі қойса, қазір олардың орнына жауапкершілікке бағытталған сауалдарды көбірек қоя бастағанын айтты.
"Қазір өз тәжірибемнен ұлдарға "не жедің, не кидің, нәскиің таза ма, есікті құлыптадың ба, көлік жуылды ма, шеге қағылды ма?" деген сұрақтардың орнына "жазда жоспарда ақша табу бар ма, ұсыныстар іздедің бе, чекап қашан өтесің, ана туысқа көңіл айттың ба?" деген сұрақтарды қоя бастадым", – деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Ол ұлдарының болашақта отбасылық жауапкершілікті сезінетін азамат болып өскенін қалайтынын жеткізді.
"Маған ертең "сыночка-корзиночкаларың ренжітті" деп келіннің жылап келгені де, "шешесі Ләйләнің істеп жүргені" деген әңгіме де керек емес", – деді тележүргізуші.