Мексикалық вундеркинд әлем чемпионатында Пеленің жетістігін қайталады

/
Мексикалық вундеркинд әлем чемпионатында Пеленің жетістігін қайталады
tengrisport.kz

Мексика құрамасының 17 жастағы футболшысы Гилберто Мора Әлем чемпионатында тарихи көрсеткішке қол жеткізді. Ол мундиалдың плей-офф кезеңінде негізгі құрамда ойнаған ең жас футболшылардың бірі атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

“Тихуана” клубының ойыншысы 1/16 финалда Эквадорға қарсы кездесуде алаңға алғашқы минуттан шықты. Матч басталған сәтте Мора 17 жас 259 күнде болған.

Осылайша мексикалық вундеркинд футбол тарихындағы ерекше көрсеткішті қайталады. Бұған дейін Әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде 18 жасқа толмай негізгі құрамда өнер көрсеткен ең жас ойыншы аңызға айналған бразилиялық Пеле еді.

Пеле 1958 жылғы әлем біріншілігінде Уэльске қарсы ширек финалдық кездесуде алаңға шығып, жеңіс голын соққан. Сол кезде бразилиялық жұлдыз 17 жаста болған.

Гилберто Мораның көрсеткіші әлемдік футбол қауымдастығының назарын аударды. Ол Мексика құрамасының Эквадорға қарсы ойынында 58 минут алаңда болып, командасының жеңісіне үлес қосты.

Әлем чемпионатының шешуші кезеңінде жас ерекшелігі бойынша көзге түскен ойыншылардың қатарында Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Гави де бар. Ол кейінгі әлем біріншілігінде плей-офф матчына 18 жасында қатысқан.

Гилберто Мора футбол жанкүйерлеріне бұған дейін де таныс болған. 2025 жылы ол 16 жасында 20 жасқа дейінгі Әлем чемпионатында Испания қақпасына гол соғып, Мексика жастар құрамасының топтан шығуына көмектесті.

Қазіргі таңда Мора 17 жасқа дейінгі ең қымбат футболшылардың бірі саналады. Transfermarkt порталы оның нарықтық құнын 10 миллион еуроға бағалап отыр.

Айта кетейік, осы рейтингте қазақстандық Дастан Сәтпаев та бар. Оның трансферлік құны 3,5 миллион еуро шамасында бағаланады.

Гилберто Мора 15 жасынан бастап “Тихуана” клубының негізгі құрамында ойнап келеді. БАҚ мәліметінше, жас футболшыға Еуропаның бірқатар клубы қызығушылық танытып отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар