Алматы облысында сегіз үй өртеніп, алты отбасы баспанасыз қалды

/
Алматы облысында сегіз үй өртеніп, алты отбасы баспанасыз қалды
КТК телеарнасы

Алматы облысы Белбұлақ ауылында бір-біріне жапсарлас салынған үйлер өртеніп, алты отбасы баспанасыз қалды. КТК телеарнасының мәліметінше, өрт шарпыған баспаналарда жалпы 30-ға жуық адам тұрған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тұрғындардың айтуынша, өртке қураған ағаштың электр сымына құлауы себеп болуы мүмкін. Олар тоқ желісінде ақау шығып, от содан тұтанған деп топшылайды. Қазір сегіз үйдің қабырғасынан басқа ештеңе қалмаған. Шатыр опырылып, үй ішіндегі жиһаз, тұрмыстық техника, есік-терезеге дейін жанып кеткен.

Тұрғындар шатырдан түтін шыға бастаған кезде суды шелектеп тасып, отты өз күштерімен сөндіруге тырысқан. Алайда электр сымдары төбеде жатқандықтан, шатырға шығуға қорыққанын айтады.

"Ар жағынан, анау бағанадан мына үйге қарай түскен сымнан тұйықталу болған, шатырдың астынан жанып жатыр екен. Сол кезде жүгіріп жүріп шелекпен су шаштық. Шатырға шығуға қорықтық, өйткені тоқтың сымы төбеде жатыр, тоқ ұрады, өліп қаламын ғой. Барынша су септік, болмады. Олар телефон алмады. Өрт сөндіру қызметі де келе қоймады. 40 минуттан кейін бе, 50 минуттан кейін бе, әйтеуір келді, бірақ суы жоқ", – дейді тұрғын Әмір Салмұрзаев.

Ал өрт сөндірушілер хабарламаның кеш түскенін айтады. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, сол уақытта бірнеше ауданнан өрт шығып, бөлімшелер бір мезгілде бірнеше оқиға орнына жұмылдырылған. Оқиға орнына жеткен кезде өрт шамамен 500 шаршы метр аумақты алып жатқан сегіз пәтерді толық шарпыған.

ТЖД өрттің тез таралуына қатты жел мен ғимараттардың құрылым ерекшелігі әсер еткенін хабарлады. Үйлер қамыс-қаңқалы және кірпіш конструкцияларынан салынған. Құтқарушылардың айтуынша, өрт толық сөндірілген, зардап шеккендер жоқ.

Тұрғындар баспанасыз қалғанына әкімдікті де кінәлап отыр. Олар қураған ағаштарды кесу туралы бұған дейін бірнеше рет шағымданғанын айтады. Алайда қауіпті ағаштар уақытында алынбаған.

"Есік алдына қураған ірі-ірі ағаштар құлай бергендіктен, жұма күні мен шағым жазуға барғанмын. Ертесінде, сенбіде біз үйде болдық. Сол кезде гүрс етіп, есіктің алдына құлады. Олқылық әкімдіктен болып тұр ғой. Өйткені ағашты кесу керек еді. Уақытымен аралап шығу керек еді", – дейді тұрғын Кенжегүл Нүсіпова.

Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Еркінбек Әбіров тұрғындардың өтініші 26 маусымда түскенін, ал ағаштарды кесу жұмысы кейінгі күндерге жоспарланғанын айтты. Оның сөзінше, апаттық жағдайға байланысты жұмыс уақытында жүргізілмей қалған.

"Жауапкершілікті ешкім алып тастап жатқан жоқ. Барлық тиісті шара қолданылады, көмек көрсетіледі", – деді ауыл әкімі.

Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция кінәлілер сараптама қорытындысынан кейін анықталатынын мәлімдеді. Әкімдік өрттен зардап шеккен алты отбасының екеуін қонақүйге орналастырған. Қалғандары туыстарының үйін паналап жүр. Баспанасынан айырылған тұрғындар енді үйлерін қалпына келтіріп беруді сұрайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар