Ақмола облысында екі күнде төрт адам суға кетті

/
Ақмола облысында екі күнде төрт адам суға кетті
istockphoto.com

Өткен демалыс күндері Ақмола облысында суда бірнеше қайғылы оқиға тіркелді. Барлығы төрт адам қаза тапты. Оқиғалардың басым бөлігі суға түсуге тыйым салынған орындарда болған. Бірнеше жағдайда қайғылы оқиғаға алкогольдік ішімдік ішу себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, үш адам арнайы жабдықталмаған су айдындарында демалу кезінде суға батып кеткен. Қайғылы оқиғалар Көкшетаудағы Қопа көлінде, Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылы маңындағы Сарқырама өзенінде және Шортанды ауданындағы Тоңкеріс ауылының жанындағы қазаншұңқырда болған. Құтқарушылардың мәліметінше, екі жағдайда марқұмдар суға түсер алдында алкогольдік ішімдік ішкен.

«Тағы бір қайғылы жағдай Целиноград ауданындағы демалыс аймағында болды. Мас күйдегі ер адам бассейнге құлап кетіп, көз жұмды. Бірқатар дерек бойынша сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», – деп хабарлады ТЖД.

Шомылу маусымы басталғалы бері Ақмола облысының су айдындарында адам өліміне қатысты 11 оқиға тіркелді. Төтенше жағдайлар департаменті қайғылы жағдайлардың көпшілігі суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылу және қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеу салдарынан болатынын атап өтті.

Құтқарушылар тұрғындарды алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеуге, тек арнайы жабдықталған жағажайларда демалуға және су жағасында жүрген балаларды мұқият бақылауға шақырды.

«Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз. Демалыс қайғылы жағдайға ұласпасын», – деп үндеу жасады Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар