3390
Шолақ шалбар, қара көйлек киген көп...
Шолақ шалбар, қара көйлек киген көп...
Осыдан біраз жыл бұрын қоғам қысқа көйлекті қыздардан безінген еді. Енді бүркеніп, қара көйлек киген қыздар мен қысқа балақ жігіттер өздеріне назар аудартуда. Екі топтың да киімі келісіп тұрған жоқ, қайсыбірін қолдаудан да аулақпыз.
Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерін қабылдап, мемлекет тарапынан діни қатынастарды реттеу үшін атқарылған шараларды талқылады. Осы жиында қазақ жастарының мұсылмандық белгісі ретіндегі қысқа балақты киім мен қара хиджабының орнына қазақы менталитетке сай ортақ киім жасау тапсырылды. «Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді», – деді Мемлекет басшысы. Осы жайттан кейін қоғамда қызу талқы басталды. Әлеуметтік желіде пікір білдірушілер бұрыннан қолға алу керек еді деген пікір жазса, бірі жастардың дінге бет бұрғанын жақсы үрдіске балапты. Мысалы, Facebook желісіндегі парақшасында Әділ Үмбетжанов былай деп жазады: «Қоғамның айналысатын ісі қалмаған ба? Олар өзімен-өзі өмір сүріп жатыр. Жұма күнін қыдыру күні деп білетін, жұма намаздың не екенін білмейтіндер бар. Қайта соларға қатысты шара қолдану керек...», – деп жазады. Ал Айым Ақылжанова есімді қолданушы: «Шынымды айтсам, мұсылман болу – тек қысқа балақ шалбар киіп, бүркеніп, хиджаб киіп алу ғана сияқты болып көрінеді. Қара көйлегімен көше сыпырып жүретін қыздар қалыпты киініп те намаз оқып, мұсылман болуға болатынын біле ме? Намазға жығылғаныма төрт жылдан асты. Достарымның көбі намаз оқитынымды білмейді де», – деп жазады.
Жалпы, жұртшылықтың пікірі екі айрылады. Оқушылардың мектепте орамал салуының жөні бір бөлек. Бұл ата-анаға қойылатын талап. Ал жастардың киім үлгісін қалай түзеуге болады? Есейген балалар ата-анасының сөзіне тоқтайтын заман емес. Олай болса қайтпек? Баршаға ортақ мұсылманша киім жасала ма, жасалса, қандай талаптарға сай болады, ал ол намазға жығылып, тәнін бүркеген қыздар мен қысқа балақ киген ұлдарымыздың көңілінен шыға ма? Осы орайда хиджаб киетін танысымыздан киімді қайдан алатынын сұрап көрдік. Оның айтуынша, кез келген жерде арнайы дүкендер бар. Бұрынырақ табу қиын болған көрінеді. Қазір Алматыда толып тұр. Көк базардағы сауда үйінің бір қабатында тек қана осындай киімдер сатылады екен. Бірақ бағасы арзан емес, әдепкі көйлектерден екі-үш есе қымбат көрінеді. Әрине, қара көйлек қажетсіз деуден аулақпыз, дегенмен қазақ «қара жамылды» дегенді жақсылыққа айтпайды.
Айтқандай, бұған дейін бірнеше қоғам қайраткерлері мен этнографтар XIX ғасырдағы қазақ аруларының суретін тауып, соны дәлелге ала отырып, қазақ аналарының кимешегін, келіншектердің ақ жаулығын көрсеткен еді. Ал тұрмыс құрмаған жас қыздардың бұрымын арқаға салып, шашпауын сылдырлатып жүргенін айтып, көпшіліктің көкейіне ой салмақ болды. Арабтардың ұзын жамылғысының орнына, әдемілеп жаулық тартып, кимешек киюді ұсынған. Алайда дәстүрден бойын ала қашатын қысқа балақтылар мен қара көйлектілер ұлт, Отан деген ұғымнан алыстап кеткендей көрінеді.
Ортақ киім тігу оңай емес. Ол ұзын көйлек киіп үйренген қыздар мен мұсылманша киінетін жігіттердің көңілінен шыға ма? Осы орайда жас дизайнер Айнараның пікірін сұраған едік. «Менің ойымша, жаңа киім ойлап табудың қажеті жоқ. Ұлттық салт-дәстүрімізде бар киімдерді жаңғыртса жетіп жатыр. Мысалы, кимешекті жұқа, жібек матадан тігіп, әдемі өрнекпен безендірсе болғаны, хиджабтан несі кем? Бұрын әжелер кеуде тұстан көктелетін кең көйлек киетін, менің әжелерім де соны киіп жүретін. Сондай көйлектің сыртынан қамзол кисе. Қамзолдың түр-түрі бар қазір. Ал ұзындығына келер болсақ, көшенің бар шаңын жинайтын сөлпектеген көйлектерді сәл қысқарту керек. Бары сол ғана. Ал ер адамдардың киімі әйелдерге қарағанда жеңілірек қой», – деді. Бүгінде жаңа киім үлгісінің алғашқы жобалары да тігіліп жатқан көрінеді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, қазір медреседе оқып жатқан шәкірттерге арналған киім үлгісі дайындалуда. «Дәл қазіргі уақытта медреседе оқып жатқан қыздарымызға, шәкірттерімізге ашық түсті, көк түсті киім үлгілерін дайындап жатырмыз. Ол киім үлгілері шариғатқа сай, дәстүрімізге де сай, жалпы қоғам алдында оғаш көрінбейді», – деді.
Қазақстанда қазіргі уақытта жастар саны 4 млн шамасында. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, жастардың 79,6 пайызы дін ұстанады, оның ішінде дінді белсенді түрде ұстанатындар 9 пайыз шамасында. Олай болса, жоғарыда айтылған әңгіме осы 9 пайызға бағытталып отыр. Әсілі, бұл көрсеткіш көп емес, дегенмен дінге бет бұрған жастар қатарының көбейіп келе жатқаны қуантады. Бірақ бөтен ағымның жетегінде кетпей, ақиқатын ажырата білсе болғаны. Кейбіреу күштегеннен киеді, кейбірі құрбы-құрдастың ықпалымен киеді. Ал Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Күлекеевтің мәлімдеуінше, келіншектердің көпшілігі хиджабты өз еркімен кимейді, күйеулерінің міндеттеуімен қара жамылуға мәжбүр. Күлекеевтің айтуына қарағанда, өзге елдің ұлттық киімін киетін негізінен Атырау, Ақтөбе мен Алматы облысының қыз-келіншектері. Қазір министрлік мамандары заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолға алған. Құжат жылдың соңына дейін үкіметке ұсынылатын көрінеді.Елімізде жыл соңына дейін хиджаб киюге заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін.
P.S. Кейде бұрынырақ хиджаб кигендердің біртіндеп бүркенуді қойғанын байқайсың. Ондайда ашып сұрауға да ұят. Бірақ намазын тастағанын естімедім, ендеше мұсылмандықтың белгісі киімде емес, Президент айтпақшы, адамның жүрегінде