Шығыс Қазақстанда кәсіпорын басшысы 1,2 млрд теңге жымқырған

/
Шығыс Қазақстанда кәсіпорын басшысы 1,2 млрд теңге жымқырған
istockphoto.com

Қаржылық мониторинг агенттігі 2020–2023 жылдар аралығында ШҚО мен Абай облысының аумағында орналасқан жеті әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына техникалық қадағалау жүргізген «Восток Инжиниринг» ЖШС басшысына қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Компанияның міндетіне құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемін, сапасын және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін бақылау, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, сумен жабдықтау нысандары мен жағалауды бекіту құрылыстарын салу кезінде нақты орындалған жұмыстарды растау кірген.

Алайда көрсетілген қызметтер үшін төлем алғанына қарамастан, құрылысқа тиісті бақылау жүргізілмеген. Кәсіпорын басшысы орындалған жұмыс көлемдері туралы жалған мәліметтер қамтылған актілерге қол қойып отырған.

Тінту барысында мөрлердің көшірмелері мен жалған актілер анықталды.

Мемлекетке келтірілген залал 1,2 млрд теңгеден асты.

ЖШС басшысы іздеуге жарияланды, соттың санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар