"Көлікте қалып қойған": Франциядағы аптап ыстықтан екі бала қаза тапты

/
"Көлікте қалып қойған": Франциядағы аптап ыстықтан екі бала қаза тапты
сурет: istockphoto.com

Францияның оңтүстік-шығысында екі және төрт жастағы екі бала көліктен өлі табылған. Қайғылы оқиға дүйсенбі күні түстен кейін болған, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Жергілікті прокурор Элен Мурждің айтуынша, балалардың нақты неден қайтыс болғаны әлі анықталған жоқ. Алайда тергеу органдары олардың қазасына елді қамтыған аптап ыстық себеп болуы мүмкін деген негізгі болжамды қарастырып жатыр. Оқиға Францияда бірнеше күннен бері жалғасып жатқан аптап ыстық кезінде болды. Бұған дейін жексенбі күні елдің әртүрлі өңірлерінде 80 бен 95 жас аралығындағы 3 адам ыстықтың салдарынан көз жұмған болатын.

Францияның ұлттық метеорологиялық қызметі Météo-France ел аумағында аптап ыстықтың алдағы күндері де сақталатынын ескертті. Мамандардың болжамынша, кейбір өңірлерде ауа температурасы 40 градустан жоғары көтеріледі.

Осыған байланысты Францияның Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды. Ведомство азаматтарға суды жиі ішуге, алкогольден бас тартуға, тұрғын үйлерді салқын ұстауға және күннің ең ыстық уақытында дене белсенділігін шектеуге кеңес берді.

Мамандар көліктің іші күн астында өте қысқа уақыт ішінде адам өміріне қауіпті температураға дейін қызатынын еске салып, балаларды немесе үй жануарларын көлікте қараусыз қалдырмауға шақырып отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары