Футзалдан Қазақстан чемпионатының 2025/26 маусымындағы финалдық сериясы басталды. Алғашқы кездесуде алматылық "Қайрат" "Семейден" басым түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Финалдық текетірес Семейдегі "Абай Аренада" басталды. Кездесудің негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталды.
Қонақтар сапында бразилиялық Атирсон Силва 4-минутта, ал армениялық Жулио Занотто 24-минутта гол соқты. Алаң иелері қатарынан бразилиялық Габриэль Кандидо дубль авторы атанды. Ол 15 және 37-минуттарда мергендігімен көзге түсті.
Екі овертайм да жеңімпазды анықтай алмады. Сондықтан матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Алғашқы бес мүмкіндікті екі команда да мүлт жіберген жоқ.
Кейін "Қайраттың" бразилиялық қақпашысы Вандесон қазақстандық Ержан Карменовтың соққысын қайтарды. Ал Атирсон өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, командасына жеңіс сыйлады.
Осылайша, алматылық клуб үш жеңіске дейін жалғасатын финалдық серияда алға шықты. Екінші матч 20 маусымда тағы да Семейде өтеді.