18 маусым күні Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Disney&Pixar студияларының «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Арнайы көрсетілімге елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлары мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – қазақ тіліндегі сапалы мазмұнды қолдау, қазақша дубляждың маңызын насихаттау және қазақ тіліндегі контенттің дамуына үлес қосып жүрген тіл жанашырларын бір алаңға жинау.
Фильмдерді түрлі елдердің аудиториясына бейімдеп, жергілікті тілдерге дубляждау Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Компания жыл сайын өз фильмдерінің 40-тан астам тілдегі нұсқасын әзірлейді. Соңғы үш жылда Disney студиясы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Аңдар шаһары 2» және басқа да туындыларды қоса алғанда, 10-нан астам фильмді қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырды.
«Ойыншықтар хикаясы 5» фильміндегі кейіпкерлерді қазақ тілінде сөйлеткендер: Әбілмансұр Серіков – Созалақ, пицца, Бота Мия – Долли, Асан Мәжит – Тікенек мырза, Зарина Кәрмен – Трикси, Боннидің мамасы, Шах-Мұрат Ордабаев – Рекс, қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі мазмұнға деген сұраныстың жүйелі түрде артып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгін біз қазақша дубляжды қолдап жүрген тіл жанашырларын арнайы жинадық. Мұндай көрсетілімдердің мақсаты – қазақ тіліндегі сапалы мазмұнға деген қолдауды күшейту және көрермен назарын аудару. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі фильмдерге деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын байқап отырмыз. Кинотеатрларға қазақша сеанстарға келетін көрермен көбейді, ата-аналар балаларын қазақ тіліндегі фильмдерге жиі алып келе бастады. Бұл – қазақ тіліндегі контент нарығының қалыптасқанын көрсететін маңызды өзгеріс. Әлемдік студиялардың қазақ тіліндегі дубляжға тұрақты түрде инвестиция салуы да осы сұраныстың нәтижесі деп ойлаймын. Сондықтан қазақ тіліндегі фильмдерді қолдауға шақырамыз», – деді Рауан Кенжеханұлы.
18 маусымнан бастап «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмі кинотеатрларда қазақ тілінде көрсетіледі.

Анықтама:
«Ойыншықтар хикаясы 5» (Toy Story 5) анимациялық фильмінің бесінші бөлімі ойыншықтар мен технологияның бетпе-бет келуі, балалардың гаджеттерге тәуелділігі және цифрлық дәуірдегі эмоциялық байланыс тақырыптарын қозғайды. Жаңа бөлім қазіргі өмір салты мен балалардың технологиямен қарым-қатынасын көрсету арқылы маңызды әлеуметтік мәселелерді көтереді.