«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар Маңғыстау облысында жүйелі түрде жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Акция басталғалы бері Маңғыстау облысында полиция қызметкерлерінің қатысуымен 1 937 рейдтік іс-шара өткізілді. Рейдтерге жалпы саны 235 полиция қызметкері жұмылдырылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2024 жылғы 15 сәуірден бүгінгі күнге дейін 27 308 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Оның ішінде:
- Елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзудың 21 156 фактісі;
- Ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 6 152 фактісі тіркелді.
Сонымен қатар облыс аумағында 27 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға жолданды.
Құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу деректеріне ерекше назар аударылуда.
Жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында қалдықтарды белгіленбеген орындарға төккен 29 жүк автокөлігі анықталды. Оның 27-сі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
Маңғыстау облысының полициясы өңір тұрғындары мен қонақтарын тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және абаттандыру қағидаларын қатаң ұстануға шақырады.
Қалалар мен ауылдардың тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға баршамыз бірлесе үлес қосуымыз қажет.
Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.