Астана қаласында полиция қызметкерлері мешіт аумағында телефон ұрлады деген күдікпен 36 жастағы ер адамды анықтап, ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті мешітте түнеп жүрген. Сол сәтте келушілердің бірі намаз оқып жатқанын пайдаланып, еденде өзіне жақын жерде тұрған барсетканың ішінен iPhone 13 телефонын жасырын түрде ұрлап кеткен.
Ұрлық жасағаннан кейін ол оқиға орнынан бой тасалаған. Бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктінің жеке басы анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ол елорда көшелерінің бірінде ұсталды. Ұрланған телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция азаматтарға жеке мүліктің сақталуына мұқият қарауды және қоғамдық орындарда да бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды ескертеді.