Ақмола облысының Жақсы аудандық сотында Т-ға қатысты бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету, яғни мүлікті жымқырғаны үшін қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Т. өндірістік учаскенің бастығы бола түра, 2026 жылдың сәуірінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Атбасар жол дистанциясына тиесілі, станцияның қоймасында сақталған жалпы салмағы 2 тоннадан асатын рельс қиықтарын ысырап ету арқылы жымқырған.
Т. өзінің қарамағындағы қызметкерлерге рельс қиықтарын қызметтік автокөлікке тиеуді тапсырған, кейін оларды Жақсы ауданына алып барып, металл сынықтарын қабылдау пунктіне өткізген.
Түскен ақшалай қаражатты өз қалауынша пайдаланып, Атбасар жол дистанциясына 48 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында көлік прокуроры мен сотталушы арасында жәбірленуші өкілінің келісімімен кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісім жасалған. Прокурор сотталушыға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Жаза тағайындауда сот Т.-ның кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкінуін, асырауында төрт кәмелетке толмаған баласының болуын және бұрын сотталмағанын жеңілдететін мән-жайлар деп ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жәбірленуші тарап азаматтық талап қоймаған.
Сот үкімімен Т.-ға материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеу тағайындалды. Сондай-ақ пробациялық бақылау белгіленіп, белгілі бір міндеттер жүктелді. Бұдан бөлек, Т. жыл сайын 100 сағат көлемінде мәжбүрлі еңбекке тартылды.
Сот актісі заңды күшіне енді.