Алматы облысында жер сілкінді

/
Алматы облысында жер сілкінді
istockphoto.com

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ұлттық ғылыми сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер орталығы» ЖШС-нің сейсмикалық станциялар желісі 8 маусым күні Астана уақытымен сағат 21:55-те Алматы облысында жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 111 шақырым жерде, Қазақстан аумағында орналасқан. Эпицентрдің координаттары: солтүстік ендіктің 42,920° және шығыс бойлығының 78,188°. Жер сілкінісінің ошағы 5 шақырым тереңдікте болған.

Есептік қарқындылығы Алматы облысы Кеген ауданындағы Саты ауылында 2,5 балл, ал сол ауданның Жалағаш ауылында 2 балл болған.

Жер сілкінісінен кейін «Қазселденқорғау» мамандары өзен арналары, гидротехникалық құрылыстар, көшкін және сел жүру қаупі бар аумақтарды тексерді. Сондай-ақ олар тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын көзбен шолып, ықтимал зақымданулардың бар-жоғын анықтады.

Тексеру нәтижесінде ешқандай зақым анықталған жоқ. Барлық нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. ТЖМ мәліметінше, жағдай тұрақты.

Бұл – соңғы күндері Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірінде тіркелген екінші жер сілкінісі. Бұған дейін 4 маусым күні жер асты дүмпулерін Алматы қаласының тұрғындары, сондай-ақ Алматы, Абай және Жетісу облыстарының бірқатар елді мекендерінің тұрғындары сезінген болатын. Ол кезде ең жоғары қарқындылық Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Жаркент қаласында 4 баллға жеткен. Ол жағдайда да зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет тіркелмеген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары