Қостанай облысында 230 келі есірткі тәркіленді

/
Қостанай облысында 230 келі есірткі тәркіленді
istockphoto.com

Жыл басынан бері Қостанай облысында заңсыз айналымнан 230 килограмм есірткі заты тәркіленді, 180 есірткі сайты мен 100 граффити-жазу жойылып, 2,9 мың банк шоты бұғатталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бас прокуратура мәліметінше, қылмыстық қудалау аясында екінші деңгейлі банктердегі жалпы сомасы 194 млн теңге болатын қаражатқа сот шешімімен тыйым салынды. Қылмыстық жауаптылыққа 33 адам тартылды, оның ішінде 13-і – есірткі заттарын өткізгені үшін, 2-і – оларды жарнамалағаны үшін.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 20 сәуірінде Жітіқара қаласының тұрғыны интернет-ресурстар арқылы есірткі заттарын жарнамалап, өткізгені үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында сотталған әйелдің телекоммуникация желілері мен онлайн-платформаларды пайдаланып, «Telegram» мессенджері арқылы есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкен қызметіне белсенді қатысқаны анықталды.

Сонымен қатар, ол SMM-менеджер қызметін атқарып, «Telegram» мессенджерінде, «TikTok» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде есірткі дүкенін ұйымдастырушылардың мүддесі үшін есірткі таратушыларды тарту мақсатында «табыс табу» туралы хабарландыруларды жүйелі түрде жариялап отырған.

Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен 790 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Құқық қорғау, арнайы және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірде есірткі қылмыстарының саны 213-тен 134-ке дейін, яғни 37 %-ға төмендеді.

Атап айтқанда, есірткі заттарын сақтау фактілері 101-ден 61-ге дейін, ал өткізу фактілері 69-дан 41-ге дейін азайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар