Елорда тұрғындарының LRТ-ға деген қызығушылығының артуына байланысты Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері стансаларда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр. Ұландықтар қоғамдық тәртіпті қадағалауға, қауіпсіздік ережелерінің сақталуына, жолаушылар қозғалысын реттеуге көмектеседі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Стансалардағы тұрақтылықты үйлестіру қажеттілігі жолаушылар ағынының және астаналықтардың жаңа көлік объектісіне деген сұранысының артуына байланысты туындап отыр.
Қоғамдық тәртіп әскерінің сарбаздары станциялардың ішінде ғана емес, оған іргелес аумақтарда да қызмет атқарады. Дәлірек айтсақ, азаматтарға көмек көрсетеді және жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
Негізгі міндет — елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ қоғамдық құқық бұзушылықтардың алдын алу. Азаматтардың қауіпсіздігіне және төтенше жағдайларға жол бермеуге ерекше назар аударылады.
Қазіргі таңда қызмет 17 станцияда екі ауысымдық режиммен жүргізіліп жатыр. Стансаларда жолаушылар ағынын реттеуге және тұрақтылықтың сақталуына басымдық берілуде.
Аталмыш шаралар полиция қызметкерлерімен, көлік қызметтерінің өкілдерімен және LRT әкімшілігімен тығыз бірлесіп ұйымдастырылған.
