Қарағанды облысында екі кішкентай бала терезеден құлап кетті

/
Қарағанды облысында екі кішкентай бала терезеден құлап кетті
istockphoto.com

Қарағанды облысында 2 маусым күні екі бала терезеден құлап кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алғашқы оқиға Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан ауданындағы 14-шағынауданда болған. Ересектердің қарауынсыз қалған 2025 жылы туған ұл бала бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Бала түрлі жарақаттар алып, облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Осыған ұқсас жағдай Теміртау қаласында да тіркелді. 4а-шағынауданда бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтер терезесінен 2022 жылы туған ұл бала құлап кеткен. Зардап шеккен бала да көптеген жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қарағандыдағы баланың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Ал Теміртаудағы бүлдіршіннің жағдайын дәрігерлер ауыр деп отыр.

Балалардың терезеден құлауы жылы мезгілде ең өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Жыл басынан бері Қарағанды облысында осындай 13 оқиға тіркелген.

Құтқарушылар ата-аналарға масаға қарсы торлардың баланың салмағын көтере алмайтынын және жалған қауіпсіздік сезімін қалыптастыратынын тағы да ескертеді. Әсіресе көпқабатты үйлердегі ашық терезелер ересектердің тұрақты бақылауын және арнайы бекіткіштер мен терезе ашылуын шектейтін құрылғыларды пайдалануды талап етеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары