Ақмола облысында құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақмола облысында полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісінің жолын кесті. Құқық бұзушылық "Қарасора-2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды.
Жедел іс-шаралар барысында Жақсы ауданының Белағаш ауылында тұратын 39 жастағы азаматтың өз үйінің ауласында қарасора өсіргені белгілі болды. Тексеру нәтижесінде оның учаскесінен құрамында есірткі бар 79 түп қарасора анықталып, тәркіленді.
Тәркіленген өсімдіктердің барлығы тиісті сараптамаға жолданды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Сондай-ақ тыйым салынған өсімдіктерді өсірудің мақсаты мен өзге де жағдайлар зерделеніп жатыр. "Қарасора-2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы өңір аумағында жалғасуда.
Іс-шараның негізгі мақсаты – құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу.
Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты кез келген ақпарат туралы құқық қорғау органдарына хабарлауды сұрайды.