Франция ғалымдары мазасыздық тудыратын тағамдарды атады

/
Франция ғалымдары мазасыздық тудыратын тағамдарды атады
сурет: istockphoto.com

Франциядағы Ұлттық ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қоршаған орта зерттеу институтының ғалымдары артық фруктоза мидың қабынуын күшейтіп, мазасыздық деңгейін арттыруы мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Brain, Behavior and Immunity ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдардың айтуынша, адамзат тарихының басым бөлігінде адамдар тәулігіне 5 грамнан аз фруктоза тұтынған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш кейбір адамдарда 80 грамға дейін жетеді. Фруктозаны сіңіру үшін ағза ащы ішектегі арнайы тасымалдаушы ақуызды пайдаланады. Алайда оның мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, артық фруктоза толық қорытылмай, ішектің төменгі бөлімдеріне өтеді.

Зерттеу барысында 55 сау ер адам қатысып, бір апта бойы тұтынған тағамдарын тіркеген. Нәтижесінде қатысушылардың орташа тәуліктік фруктоза тұтынуы шамамен 30 грамды құраған. Ал олардың 40 пайызы қосылған қанттың ұсынылған мөлшерінен асып кеткен.

Тыныс алу сынақтары қатысушылардың 60 пайызында фруктозаның дұрыс сіңірілмейтінін көрсетті. Бұл құбылыс фруктоза мальабсорбциясы деп аталады.

Ғалымдар жүргізген тәжірибелерде фруктозаны нашар сіңіретін тышқандардың миындағы иммундық жасушаларда қабыну белгілері байқалған. Бұл ішектегі өзгерістердің ми қызметіне де әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді.

Зерттеу авторларының пікірінше, артық фруктоза ішек микрофлорасының тепе-теңдігін бұзып, соның салдарынан мида қабыну процестерін күшейтуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде адамның көңіл күйі мен мазасыздық деңгейіне ықпал етеді.

Ғалымдар алдағы уақытта фруктозаны шектеудің ми саулығы мен психологиялық жағдайға әсерін кең ауқымда зерттеуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары