«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық жерлердегі кәсіп бастаған азаматтарды қолдаудың тиімді тетігіне айналып, өңірдегі шағын бизнестің дамуына және ауыл экономикасының жандануына айтарлықтай серпін беріп отыр. Партияның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен ауыл туризмін дамытуға бағытталған нақты нәтижелерімен ерекшеленуде. Соның жарқын үлгісі – кәсіпкер Назым Қыстаубаеваның этноауыл жобасы, деп хабарлайды turkystan.kz.
«AMANAT» партиясының жүйелі қолдауының арқасында Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы аумағындағы көрікті «Марьин утес» ескерткіші маңында ұлттық ат туризмін дамытуға бағытталған этноауыл ашылды. Бүгінде бұл жоба аудан тұрғындары мен өңір қонақтарына сапалы туристік қызмет ұсынып, ауыл экономикасына жаңа серпін беріп отыр. Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолдау тауып, кәсіпкер 8 млн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыға қол жеткізген.

Бөлінген қаражат есебінен пони мен жылқылар сатып алынып, этностильде безендірілген екі киіз үй жабдықталды. Сонымен қатар келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен және мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік жасалған. Бұл бастама ауыл туризмін дамытумен қатар, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға жол ашып отыр.
Бүгінде этноауыл өңір тұрғындары мен туристер үшін тартымды демалыс орнына айналды. Келушілер табиғат аясында тынығып қана қоймай, атпен серуендеу, ұлттық дәстүрлермен танысу және қазақы болмысты сезіну мүмкіндігіне ие болды.
Кәсіпкер Назым Қыстаубаеваның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы жеке кәсіпті кеңейтуге ғана емес, ұлттық мәдениетті дәріптеуге де зор мүмкіндік беріп отыр.

– «AMANAT» партиясы жүзеге асырып отырған «Ауыл аманаты» жобасының арқасында кәсібімізді кеңейтіп, ұлттық мәдениетімізді туристерге кеңінен таныстыруға жол ашылды. Этноауыл ашу – көптен бергі арманымыз болатын. Бүгінде келушілер саны артып келеді. Алдағы уақытта қызмет түрлерін кеңейтіп, жаңа туристік бағыттарды іске қосуды жоспарлап отырмыз», – дейді кәсіпкер.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясы ауыл кәсіпкерлігін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді. «Ауыл аманаты» сынды жобалар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға және шағын кәсіп иелерін тұрақты қолдауға бағытталған нәтижелі бастама.
