Депутат пластикалық ота жасайтын клиникаларды жаппай тексеруді талап етті

/
Депутат пластикалық ота жасайтын клиникаларды жаппай тексеруді талап етті
Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыров пластикалық хирургия мен косметология саласындағы бақылауға қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутат Ақтау мен Алматыдағы липосакциядан кейін болған қайғылы жағдайларды мысалға келтіріп, мәселенің жүйелік сипат алғанын айтты.

«Ақтау мен Алматыда липосакциядан кейін пациенттердің қайтыс болуы бүкіл елді дүр сілкіндірді және қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр», – деді ол.

Оның айтуынша, бұл – тек жекелеген жағдайлар емес, қоғамда кең талқыланып жатқан, азаматтардың қауіпсіздігі мен медициналық қызмет сапасына тікелей қатысты мәселе.

«Бүгінде бұл қайғылы оқиғаларды бүкіл қоғам талқылап отыр. Әңгіме енді жеке-жеке оқиғалар туралы емес, азаматтардың қауіпсіздігі, медициналық қызмет сапасы және эстетикалық медицина саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігі туралы болып отыр», – деді ол.

Депутат 2023 жылғы статистиканы да еске салды, заңсыз медициналық қызмет үшін 674 әкімшілік хаттама толтырылған, ал косметологиялық және пластикалық процедуралар бойынша шағымдар екі есеге жуық артқан.

Ол қазіргі нарық көлемінің де ауқымды екенін атап өтті, шамамен 260 медициналық ұйым пластикалық хирургиямен айналысады. Депутаттың айтуынша, мәселе жабық немесе заңсыз кабинеттерде ғана емес, ресми лицензиясы бар орталықтарда да кездеседі.

«Соңғы қайғылы оқиғалар бұл мәселенің бүгінге дейін шешімін таппағанын және оның жекелеген жағдай емес, жүйелі сипат алғанын көрсетеді. Бұл жерде мәселе жасырын кабинеттер туралы емес, ресми лицензиясы бар жеке медициналық орталықтар туралы болып отыр», – деді Саиров.

Ол сондай-ақ кейбір клиникалардың қайта тіркеліп, атауын өзгертіп жұмысын жалғастыратынын сынға алды.

«Сыртқы атауы өзгереді, ЖШС өзгереді, бірақ мекенжайы мен қызметкерлері сол күйінде қалуы мүмкін», – дейді ол.

Депутат сонымен қатар елде асқынулар мен өлім жағдайлары бойынша ашық статистиканың жоқтығын да айрықша атап өтті.

Осыған байланысты ол бірнеше ұсыныс жасады:

  • пластикалық хирургия және эстетикалық медицинамен айналысатын жеке клиникаларға кешенді тексеріс жүргізу;
  • лицензия беру және қайта ашылу тәртібін қатаңдату;
  • қайта тіркеу арқылы заңды айналып өту әрекеттерін бақылау;
  • асқынулар мен өлім жағдайлары бойынша ашық статистика енгізу;
  • әлеуметтік желілер мен интернеттегі жарнаманы қатаң бақылау.

Депутат Бас прокуратурадан ауқымды тексеріс жүргізуді сұрады.

«Бас прокуратурадан пластикалық хирургия мен эстетикалық медицина қызметін ұсынатын жеке медициналық ұйымдарға лицензиялық талаптардың сақталуы, қажетті жабдықтардың болуы, мамандардың біліктілігі, шұғыл көмек көрсетуге дайындық және бұрын анықталған бұзушылықтардан кейін аффилиирленген заңды тұлғалар арқылы қызметті жалғастыру бойынша ауқымды тексеріс жүргізуді сұраймыз», – деп түйіндеді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар