Мәжілістің бүгін өткен жалпы отырысында қабылданған заң аясында мемлекеттік қайырымдылық платформасы құрылатын болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол қайырымдылық ұйымдары мен көмек алушылар верификациядан (растау) өтетін, ал қайырымдылық жобалары, жиындар, көмектің таратылуы туралы ақпарат неғұрлым ашық болатын сенімді цифрлық ортаға айналады.
Осыған байланысты мемлекеттік қайырымдылық платформасы, қайырымдылық жасаушының цифрлық профилі және көмек алушының цифрлық профилі ұғымдары енгізіледі. Еңбек ресурстарын дамыту орталығына платформаны әзірлеу және қолдау, деректерді талдау, басқа цифрлық жүйелермен интеграциялау және оның дамуын басқару функциялары беріледі.
Бұл ретте, платформа қайырымдылықтың басқа түрлерін жоққа шығармайды. Қайырымдылық ұйымдары мен жеке бастамалар мемлекеттік платформадан тыс жұмысын жалғастыра алады. Дегенмен, платформада жарияланған жобалар үшін верификацияға, ашықтыққа және есепке алуға қойылатын бірыңғай талаптар енгізіледі.
Бұдан бөлек, қайырымдылық ұйымдарының әкімшілік шығындарына шектеу қойылады, ол жиналған қаражаттың 20%-ынан аспауға тиіс. Бұл азаматтар мен бизнестің қайырымдылық жиындарына деген сенімін арттырады, орынсыз мақсатқа пайдалану тәуекелдерін азайтады және көмек көрсетудің түсінікті цифрлық тетігін жасайды деп күтілуде.
Заң аясында басқа да нормалар қабылданып отыр. Мәселен, әкімдіктерге смарт-қалалар мен смарт-өңірлерді дамыту бойынша құзыреттер беріледі. Киберқауіпсіздік саласындағы отандық цифрлық өнімдерді әзірлеушілерді қолдауға бағытталған офтейк-келісімшарттар енгізіледі. Ал жер және геодезия заңнамасында бірыңғай координаттар жүйесін қолдану қағидалары бекітіледі, бұл кадастр, инфрақұрылым және аумақтарды цифрлық жоспарлау үшін маңызды.