"Бес ай жалақы алмадым": Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ашық мәлімдеме жасады

/
"Бес ай жалақы алмадым": Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ашық мәлімдеме жасады
Lintao Zhang/International Skating Union via Getty Images

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Миландағы тарихи жетістігінен кейінгі бес ай ішінде жалақы алмағанын айтты. Мәнерлеп сырғанаушы бұл туралы Тимур Балымбетовке берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Жас чемпион кімнің жолын кесті?" деп аталатын подкастта Шайдоров спорттағы кей жағдайларға көңілі толмайтынын жасырмады. Оның айтуынша, басшылық оның жалақысына қатысты ақпаратты жария еткеннен кейін ол мұны өз еңбегіне деген құрметсіздік ретінде қабылдаған.

"Менің айлығым туралы мәліметті көпшілікке жариялаған кезде, мен де өз пікірімді айттым. Мұны еңбегімді сыйламау деп қабылдадым. Себебі тек менің жалақым ғана көрсетілді. Сол арқылы менің және отбасымның еңбегін жоққа шығарғысы келгендей әсер қалдырды. Өздерінің осы медальға қосқан үлесін көрсеткісі келді", – деді спортшы.

Айта кетейік, 2026 жылдың 20 ақпанында Туризм және спорт министрлігі Шайдоровтың қысқы ойындарға дайындығына бөлінген қаражат көлемін жариялаған болатын. Ресми ақпаратта спортшыға шамамен 263,4 миллион теңге аударылғаны айтылған.

Михаил Шайдоровтың сөзінше, Олимпиадаға дайындық төрт жыл бұрын басталған. Ал нақты қаржылай қолдау оған 2025 жылы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанғаннан кейін ғана көрсетіле бастаған.

Спортшы өз ойын ашық айтқаннан кейін өзін белгілі бір деңгейде жазалағысы келгендей сезінгенін жеткізді.

"Осы шындықты айтқаным үшін мені жазалағысы келген сияқты. Бес айдан бері маған айлық төленген жоқ", – деді Олимпиада чемпионы.

Бұл сөзге сұхбат жүргізуші Тимур Балымбетов таңданысын жасырмады. Ол спортшының тарихи жеңіске жеткенін, Ақордада ерекше құрметпен қарсы алынғанын және Президенттің өзі ықылас білдіргенін еске салды.

Шайдоров Миландағы ірі жеңісінен кейін де жалақы алмағанын растады.

"Иә, кейінгі бес айда маған айлық төленген жоқ. Ал қазір келесі маусымға дайындалуым керек. Бірақ оған қалай дайындалатынымды түсінбей отырмын. Жаңа бағдарлама әзірлеу қажет. Қаржылай қолдау бола ма деп сұрасам, әркім әртүрлі жауап береді", – деді ол.

Михаил Шайдоровтың айтуынша, 1 ақпанда оның дәрігері командадан алынған. Спортшы мұны да түсініксіз жағдай деп бағалады.

"Неге екенін білмеймін, бірақ мен де, командам да айлық алып жүрген жоқпыз. Бұл мен үшін өте түсініксіз жағдай", – деді мәнерлеп сырғанаушы.

Сонымен қатар ол қандай да бір дау-дамайға араласқысы келмейтінін айтты. Шайдоровтың сөзінше, оның басты мақсаты – спортшы ретінде дамып, халықаралық жарыстарда Қазақстанның туын биік көтеру.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары