Бұл мереке – ұлт руханиятын дамыту жолында еңбек етіп жүрген мәдениет және өнер саласы мамандарына көрсетілетін зор құрметтің белгісі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер мен мәдениет – елдің рухани айнасы. Театр мен сахнада, кітапхана мен музейде, мәдениет ошақтары мен шығармашылық ұжымдарда қызмет етіп жүрген әрбір маманның еңбегі қоғам үшін аса маңызды. Сіздер ұлттық өнердің өркендеуіне, жас ұрпақтың тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер.
Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, мәдениет – мемлекеттілігіміздің рухани тірегі, халқымыздың тарихи санасы мен ұлттық болмысының айқын көрінісі екенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, бүгінде жаңа Конституция аясында мәдениетке, білімге, ғылым мен инновацияға айрықша мән беріліп отыр. Бұл мәдениет саласының алдына жаңа міндеттер қойып, дамудың тың мүмкіндіктерін ашты.
«Ендігі мақсат – бай мұрамызды ұқыпты сақтаумен қатар, заманауи форматтарды, цифрлық шешімдерді, креативті индустрияларды және көрерменмен, оқырманмен, жалпы жұртшылықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін батыл дамыту.
Мемлекет басшысы мәдениет саласын өркендетуге, шығармашылық адамдарына қолдау көрсетуге және саланың инфрақұрылымын нығайтуға ұдайы ерекше көңіл бөліп келеді. Осы жүйелі саясаттың нәтижесінде соңғы жылдары мәдениет және өнер қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, еңбек жағдайын жақсартуға, өңірлердегі мәдениет мекемелерін дамытуға және азаматтардың мәдени игіліктерге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған маңызды шаралар жүзеге асырылды.
Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар жетекші мәдениет мекемелеріне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл олардың қоғамдағы орнын нығайтып, қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға мүмкіндік ашты. Өткен жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 252 нысан жөндеуден өтті. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жалғасуда. Цифрлық даму бағытында да нақты нәтижелер бар. Бүгінде E-Museum платформасы 284 музейді біріктіріп, 65 мыңнан астам жәдігер мен 750-ге жуық 3D-артефактіні қамтып отыр.
Қазіргі уақытта мәдениет саласы бұрынғыдан да ашық, жаңашыл әрі халыққа жақын бола түсті. Еліміздің барлық 20 өңірінен 600 мәдениет қызметкері қатысқан «Мәдениет және инновация» форумы осы саланың зор әлеуетін, мамандардың жаңаруға дайын екенін және музейлер, кітапханалар, архивтер, мәдениет үйлері, театрлар мен концерттік ұйымдар үшін нақты әрі тиімді шешімдер ұсынуға деген ортақ ұмтылысты айқын көрсетті.
Осы мерейлі күні мәдениетке күн сайын адал қызмет етіп жүрген барша азаматтарға ерекше алғыс айтқым келеді. Артистерге, музыканттарға, кітапханашыларға, музей және архив қызметкерлеріне, режиссерлерге, суретшілерге, хореографтарға, сахна майталандарына, педагогтерге, техникалық мамандарға және еліміздің рухани байлығын сақтап, дамытып жүрген барлық сала өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін.
Сіздердің еңбектеріңіз ұлттың руханиятын байытып, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырады, ел бірлігін нығайтады және Қазақстанның әлемдік мәдени кеңістіктегі беделін арттыра түседі.
Алдағы уақытта да игілікті жолдағы қызметтеріңіз табысты болып, жұртшылықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөлене беріңіздер.
Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», - деді министр.