Ақтөбе облысында тағы бір ауыл алкогольден бас тартты

/
Ақтөбе облысында тағы бір ауыл алкогольден бас тартты
Polisia.kz

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданына қарасты Қияқты ауылында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайтуға арналған профилактикалық кездесу өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға ауыл әкімі, полиция қызметкерлері, ақсақалдар кеңесі және жергілікті тұрғындар қатысты. Кездесу барысында салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және ауылдағы тұрақты әлеуметтік ахуалды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан бас тарту бастамасын бірауыздан қолдады.

Қияқты ауылында 62 үй бар, халық саны 207 адамды құрайды. Соңғы бес жыл ішінде елді мекенде қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылық тіркелмеген.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай нәтижеге тұрғындардың ауызбіршілігі мен жергілікті атқарушы органдар, ақсақалдар және полицияның бірлескен профилактикалық жұмысы арқылы қол жеткізілген.

Қазіргі таңда облыс бойынша 40 елді мекен алкогольден бас тарту бастамасына қосылған. Маман­дар мұндай тәжірибе қоғамдық тәртіптің жақсаруына және тұрмыстық жанжалдардың азаюына ықпал ететінін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары