Астанада әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру мәселесі талқыланды

/
Астанада әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру мәселесі талқыланды
Қорғаныс министрлігі

Астанада Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің әскерге шақыру науқанын ұйымдастырудың өзекті мәселелеріне арналған көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға Сенат депутаттары, Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар, Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мүдделі ведомстволардың өкілдері қатысты.

– Әскери қызмет – абыройлы міндет қана емес, бұл жауапкершілік, тәртіп пен азаматтарды ел қорғаушы ретінде қалыптастыратын маңызды өмір кезеңі. Бүгінде әскерге дейінгі жастармен жүйелі жұмысты күшейтіп, олармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру аса маңызды, – деді Сенаттың бейінді комитетінің төрағасы Андрей Лукин.

Отырыста көктемгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру, әскери-дәрігерлік комиссиялардың жұмысын жетілдіру, инфрақұрылым нысандары, әскери есепке алу үдерістерін цифрландыру және ведомствоаралық өзара іс-әрекеттің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Қатысушылар сондай-ақ Алматы, Сарыарқа және Байқоңыр аудандарының қорғаныс істері жөніндегі басқармалары орналасқан елордалық жинау пунктінің жұмысымен танысты.

Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміровтің айтуынша, нысан заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Шақырылушыларға жайлы жағдай жасалып, толыққанды тамақтану мен орналастыру ұйымдастырылған.

Бұдан өзге қазіргі уақытта Қарулы күштерді жасақтау аяқталғанын, ал 25 мамырдан кейін Ұлттық ұлан бөлімшелерін жасақтау басталатынын мәлімдеді. Әскерге шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады.

Кездесуде әскерге шақыру науқанының медициналық қамтамасыз етілуі мен әскери-дәрігерлік комиссиялар жұмысының сапасына ерекше назар аударылды. Қатысушылар шақырылушылардың денсаулық жағдайын диагностикалауды, психологиялық тексеруді жетілдіру және медицина қызметкерлері қабылдайтын шешімдер үшін жауапкершілікті күшейту қажеттігін атап өтті.

Әскери есепке алу мен әскерге шақыру жүйесіне цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтерін енгізу жұмысы оң бағаланды. Сонымен қатар IT және киберқауіпсіздік саласындағы жас мамандарды әскери қызмет пен ғылыми қызметке тартудың маңыздылығы да айтылды.

Отырысты қорытындылаған Андрей Лукин әскерге шақыру жүйесін тиімді дамыту Қазақстан әскерінің жауынгерлік дайындығын арттыруға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға тікелей әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар ол әскери қызмет, медициналық қамтамасыз ету және әскерге шақырудан жалтарғаны үшін жауапкершілік мәселелерін реттейтін заңды жетілдіруге депутаттық корпус қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар