Алматы әкімдігі Горький атындағы Орталық саябақтың 5 гектар жерін қала меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады. «ТФК «Алтын-Тараз» ЖШС-мен жасалған жалдау шарттары көркейту мен инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салынбағандықтан ұзартылмады. Жалға алушы бұл шешімге сот арқылы шағымдануға тырысқанымен, сот оның талабын қанағаттандырмады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осылайша мемлекет меншігіне жалпы аумағы 5 гектардан асатын саябақтың 94 жер телімі қайтарылады.
Жалдау шартын тоқтатуға саябақ аумағының күтімсіз күйге түсуі себеп болған: инфрақұрылым ескірген, аттракциондар жаңғыртуды қажет етеді, ал саябақтың өзі қазіргі заман талаптарына сай келмейді.
Болашақта әкімдік саябақты жаңарту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жоба аясында көгалдандыру, заманауи демалыс аймақтарын құру, туризм мен мәдениет саласын дамытуға басымдық беріледі. Бұл саябақты тұрғындар мен туристер үшін жайлы әрі тартымды етеді.