Қазақстан цифрландыруды ескере отырып әкімшілік-аумақтық құрылымды жетілдіруде

/
Қазақстан цифрландыруды ескере отырып әкімшілік-аумақтық құрылымды жетілдіруде
istockphoto.com

Бүгін депутаттар Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң жобасын қарап, әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелері бойынша жаңа тәсілдерді Конституциялық заң деңгейінде бекітті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Парламент екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Құжатта әкімшілік-аумақтық бірліктердің – облыстардың, аудандардың, қалалардың, ауылдардың және өзге де елді мекен түрлерінің мәртебесі айқындалған. Сондай-ақ оларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі реттеліп, осы саладағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктері белгіленеді.

Заңда әкімшілік-аумақтық бірліктерге қатысты мәселелерді қараудың нақты құқықтық критерийлері қарастырылған. Бұл тәсіл тиісті шешімдерді белгілі бір кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне сүйене отырып қабылдауды көздейді.

Бұдан қоса, цифрландыру талаптарын негізге ала отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекараларын «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде есепке алу және тіркеу өкілеттігі бекітіледі. Елді мекендердің шекараларын белгілеу және өзгерту бас жоспарлар немесе даму схемалары негізінде жүзеге асырылады. Бұл қала құрылысы мен аумақтық жоспарлау арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Әкімшілік-аумақтық құрылым нормаларын Конституциялық заң деңгейінде бекіту мемлекеттің аумақтық ұйымының тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мемлекеттік басқару органдары қызметінің орнықты құқықтық негізін қалыптастыруға жол ашады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар