Мемлекет басшысының жылу-энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен Ақмола облысының екі қаласы – Степногорск пен Көкшетаудағы инженерлік желілер мен жылу көздерінің тозуын төмендету үшін 3,9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Қаражаттың негізгі бөлігі, шамамен 2,7 млрд теңге, Степногорск қаласындағы ұзындығы 7,5 шақырым магистральдық жылу желісін жөндеу жөніндегі жобаны аяқтауға бағытталмақ. Тағы 1,2 млрд теңге Көкшетау қаласының №1 және №2 қазандықтарының энергетикалық қазандықтарын, жабдықтары мен жүйелерін қалпына келтіруге жұмсалмақ.
Бүгінгі таңда Көкшетау қаласын жылумен екі қазандық қамтамасыз етіп отыр, негізгі жылу көзі – АҚ-2 қазандығы. Өткен жылы Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен қалада кешенді техникалық жұмыстар жүргізілді, нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейі 44%-дан 42%-ға төмендеді. Степногорск қаласында Үкімет резерві есебінен 7,1 шақырым магистральдық жылу желілері жаңартылды, нәтижесінде тозу деңгейі 71,4%-дан 68%-ға қысқарды.
Аталған іс-шараларды жүзеге асыру өңір тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз етуге, желілердегі апатты жағдайларды азайтуға және болашақ жылыту кезеңдерінің қалыпты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы Үкіметтің еліміз бойынша қабылдаған шаралардың нәтижесінде 2025 жылы 10 энергоблокқа, 63 қазандыққа және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді, 323 шақырым жылу желілері қайта жаңартылып, ауыстырылды, сондай-ақ 17 мың шақырым электр тарату желілері мен 420 қосалқы станса жөнделді. Бұл электр стансаларындағы жабдықтардың тозу деңгейін 53%-ға, жылу желілерінің тозу деңгейін 50%-ға дейін төмендетті, ал электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 15%-ға азайды.
Сондай-ақ, 8 ЖЭО тәуекел аймақтарынан шығарылды: бесеуі – «қызылдан» «сарыға», тағы үшеуі «сарыдан» «жасылға» көшірілді. Жекелеген жаңғырту жоспарлары бекітіліп, жөндеу жұмыстарын қаржыландыру күшейтілуде.