Димаш Құдайбергеннің «Көкжиектен асқан үн» жобасы 2 миллиардтан астам қаралым жинады

/
Димаш Құдайбергеннің «Көкжиектен асқан үн» жобасы 2 миллиардтан астам қаралым жинады

«Voice Beyond Horizon» жобасы – Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ауқымды халықаралық музыкалық телешоуы. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен әлемдегі ең ірі медиахолдингтердің бірі саналатын қытайлық Hunan TV телеарнасы серіктестігі аясында жүзеге асырылды. Жобаның продюсері – әнші, Қазақстан Республикасының халық әртісі Димаш Құдайберген, деп хабарлайды turkystan.kz

Тележоба музыкалық шоу мен реалити-саяхат форматында түсірілді. Оған Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген 8 орындаушы қатысты. Түсірілім Астана, Алматы қалаларында және Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында өтті. Көрермендер көне Түркістан, Бозжыра шатқалы мен Каспий теңізінің жағалауы, Қайыңды мен Көбейтұз көлдері, Бурабай ұлттық табиғи паркі сияқты еліміздің танымал туристік орындарын тамашалады.

Қазақстан атынан қатысқан Нұржас Садырбай жобаның жеңімпазы атанды. Бағдарлама Қытайда Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында, сондай-ақ «Qazaqstan» телеарнасында көрсетілді. Ұлттық арна жоба барысынан апта сайын арнайы күнделік ұсынып отырды.

Эфир көрсетілімі кезеңінде бағдарламаның барлық шығарылымы телерейтингте бірінші орынға шықты. Интернеттегі әртүрлі платформадағы жалпы қаралым саны 2,36 миллиардқа жетсе, Mango TV-да 700 миллионнан асты.

«Voice Beyond Horizon» музыканың, мәдениет пен саяхаттың елдерді жақындастырып, Қазақстанды әлемдік аудиторияға жаңа қырынан танытқан мегажобаға айналды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары