Өскеменде республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған «Қала көркін сақтайық» жастар акциясы шеңберінде «Сәулетай» қалалық саябағының аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Сәулетай» – облыс орталығы тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Мұнда балалар көп жүреді, әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде тұрғындар отбасыларымен келіп, таза ауада уақыт өткізеді.
Экологиялық акцияға студенттер, Жастар ресурстық орталығының еріктілері және қалалық волонтерлердің Фронт-офисі қатысты.
Акция барысында қатысушылар аумақты қоқыстан тазалап, құрғақ бұтақтарды жинады. Сонымен қатар ойын алаңдары мен ашық аспан астындағы жаттығу құрылғыларын шаңнан тазартып, ретке келтірді.
«Біздің басты мақсатымыз – қаланың тазалығын сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындарды экологиялық бастамаларға тарту», – деді Өскемен жоғары медициналық колледжінің студенті, ерікті Байдаулет Әшімов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар қаланы таза ұстауға ғана емес, жастарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау идеясы төңірегінде біріктіруге де ықпал етеді.