Шығыс Қазақстанда шенеуніктер 90 млн теңгені заңсыз жұмсап жібере жаздаған

/
Шығыс Қазақстанда шенеуніктер 90 млн теңгені заңсыз жұмсап жібере жаздаған
istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуына талдау жүргізу барысында жергілікті атқарушы органдардың қызметінен заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Анықталғандай, 5 ауылдық округтің әкімдіктері 2026 жылға арналған сатып алу жоспарларына 44 млн теңге сомасына балалар және спорт алаңдарын абаттандыру жобаларын енгізген. Мұнда мәлімделген жұмыстар «ағымдағы жөндеу» ретінде көрсетілген.

Сметалық құжаттаманы зерделеу барысында іс жүзінде жаңа құрылыс жоспарланғаны белгілі болды: негіздерді дайындау, бетон төсемдерін төсеу және жаңа ойын кешендерін монтаждау.

Заңға сәйкес, мұндай жұмыстар үшін міндетті түрде жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) болуы және мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс, алайда бұл талаптар орындалмаған.

Басқа жағдайда лоттарды жасанды түрде бөлшектеу дерегі анықталды. Әкімдік шекті мәннен аспау үшін тапсырыстарды бөліктерге бөлген, бұл өнім берушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік берген. Негізсіз бөлінген лоттардың жалпы сомасы 45,1 млн теңгені құрады.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша, құжаттама заңға сәйкес келтірілгенге дейін бұл жобалардың барлығы сатып алу жоспарларынан алынып тасталды.

Прокуратура шараларының нәтижесінде барлығы 90 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алды алынды.

Бюджет қаражатын қорғау және мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жалғасуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары