Қазақстан қалалық аэротакси және азаматтық авиация инфрақұрылымын цифрландыру жобаларын жүзеге асыруға кіріседі. Озық технологиялар мен биометриялық бақылауды енгізу туралы Үкімет отырысында Нұрлан Сауранбаев баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Елімізде жаңа аэротакси сегментін дамыту шеңберінде отандық компаниялар пилотсыз сынақ ұшақтарын сатып алуда, сондай-ақ қону алаңдары мен операциялық орталықтың құрылысын бастады.
Бұдан басқа, әуежайларда Q-Gate цифрлық жүйесі кең ауқымда енгізіліп, бақылау уақыты 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқарады: биыл Астана мен Алматыдағы 16 терминалға Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларындағы тағы 16 терминал қосылады. Келесі қадам – Астана–Шымкент бағыты бойынша ішкі рейстерде биометрияны енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу.
«Цифрлық технологиялар жүк сегментінде де қарқынды енгізілуде. E-Freight ақпараттық жүйесін іске қосу процестерді электрондық форматқа толығымен ауыстыруға және авиажүктерді өңдеу уақытын бір күннен бір сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді», — деді Нұрлан Сауранбаев.