Қостанай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Са. мен С.-ға қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олар балаларды тәрбиелеу және оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылған.
Сотта анықталғандай, 2026 жылғы 2 мамырда сағат 19:00 шамасында Са. мен С. 2011 және 2012 жылы туған кәмелетке толмаған қыздарының Қостанай – Бас теміржол учаскесінің 287 шақырым ПК4 аумағындағы жоғары қауіпті аймақ болып табылатын теміржол көпірінде болуына жол берген. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңда көзделген шараларды қабылдамаған.
Сот отырысында олар өз кінәларын толық мойындады.
Сот қаулысымен ата-аналар әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 30 275 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.