Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы елдің әскери тарихын сақтау және жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы музей ісін дамытуды жалғастырып жатыр. Қазір оның құрамында Астанадағы Әскери-тарихи музей, Алматыдағы Даңқ музейі және Ақмола облысындағы филиал жұмыс істейді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Родина ауылындағы жаңа филиал биыл Отан қорғаушы күніне орай ашылды. Оған «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр бастамашы болып, жобаға Қорғаныс министрлігі қолдау көрсетті.
Елордадағы Әскери-тарихи музей қорында авторлық коллекциялар мен жеке жинақтарды қоса алғанда 24 мыңнан астам жәдігер сақталған. Оларды жинақтауға облыстық өлкетану музейлері, Астана қаласының көркемсурет галереясы, сондай-ақ белгілі тарихшылар мен музейтанушылар үлес қосты.
Келушілердің ерекше қызығушылығын VI–VIII ғасырларға жататын түркі жауынгерінің геральдикалық белбеуі, даңқты қолбасшы Бөгенбай батырдың дулығасы, Рейхстагқа Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тіккен Жеңіс туының көшірмесі, сондай-ақ генерал-майор Иван Панфилов пен Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің жеке заттары тудырады.
Музей аумағындағы ашық аспан астындағы алаңда ХХ ғасырдағы қару-жарақ пен әскери техникалардың үлгілері қойылған.
Алматыдағы музей Қазақстанның Революциялық және жауынгерлік даңқ музейі қоры негізінде құрылған. Онда 30 мыңнан астам жәдігер сақталған. Олардың қатарында наградалар, майдан хаттары, фотосуреттер, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жеке заттары, сондай-ақ ғалым-шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске және азамат соғысы кезеңіне арналған материалдар бар.
Қорғаныс министрлігінің музейлері маңызды ағартушылық міндет атқарып, келушілердің Қазақстанның әскери тарихы, көрнекті тұлғалары мен ел тарихындағы ерлікке толы кезеңдер туралы білімін кеңейтеді. Бұл жастар арасында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.