«Орталық Азия – Қытай» форматы елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өзара үйлесімді, нақты шешімдердің үлгісі болатынына сенімдімін. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» форматындағы елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Президенттің пікірінше, қылмыстық элементтердің өңірдегі ішкі тұрақтылықты бұзуына жол беруге болмайды. Бұл орайда жүйелі әрі батыл әрекеттер қажет.
– Қазақстан заң үстемдігін қамтамасыз етуді құқық қорғау қызметі ғана емес, мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыты ретінде қарастырады. Біз «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Аталған қағидат жаңа Конституциямызда елімізді одан әрі жаңғыртудың басты алғышарттарының бірі ретінде көрініс тапты. Маңызды міндеттердің бірі – ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топтардың қаржы ағынына тосқауыл қою. Экстремизм идеяларының таралуын, лаңкестік топтардың адамдарды интернет арқылы арбауын белсенді түрде әшкерелеп, террорлық актілерге астыртын әзірлік әрекеттерін алдын ала анықтаған жөн. Айтылған қатерлердің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Оған тек жан-жақты, кешенді түрде күш-жігер біріктіре отырып төтеп бере аламыз. «Орталық Азия – Қытай» форматы елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өзара үйлесімді, нақты шешімдердің үлгісі болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық және экономикалық тыныс-тіршіліктің онлайн кеңістікке ойысуы киберқауіпсіздік мәселесін мүлдем жаңа деңгейге көтерді деп санайды.
– Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыс ешқандай шекараға бағынбайды. Азаматтарымызға, бизнеске және мемлекеттік органдарға зардабын тигізіп отыр. Гибридті және ақпараттық технологиялар жалған мәлімет, яғни, «фейк» тарату құралы ретінде қолданылады. Өшпенділік өртін үрлеп, алауыздық туғызады. Деструктивті элементтердің қолындағы жасанды интеллект ауыр салдарға әкеліп соғатын өте жойқын ақпараттық қаруға айналды. Заң талаптарына қайшы контент толассыз көбейіп жатыр. Осыған байланысты қазіргі ықпалдастық тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, киберқауіпсіздікке қарсы проактивті іс-қимылға көшу керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өңір елдерінің экономикалық ынтымақтастығын нығайту мен дамыту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қауіпсіздік мәселесімен тығыз байланысты екенін айтты
– Транскаспий халықаралық көлік бағыты еуразиялық логистиканың стратегиялық элементіне айналып келеді. Жаһандық сауда тізбегінің трансформациясына және геосаяси қысымның күшеюіне сәйкес оның маңызы еселеп артты. Сонымен қатар жүк тасымалын ұлғайтудың белгілі бір қауіп-қатерлері бар. Әңгіме трансұлттық қылмыс, соның ішінде контрабанда, есірткі, қару-жарақ тасымалы туралы болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өңірлік қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру үшін «Орталық Азия – Қытай» форматының әлеуетін пайдалану қажеттігін жеткізді.
– Менің ойымша, ішкі істер министрліктері бір-бірімен ынтымақтастықты күшейтіп, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп мәселелеріне қатысты ақпараттармен бөлісуге тиіс. Бұл халықтарымыздың арман-тілегіне толығымен сай келеді. Жұртшылық мемлекеттер басшыларынан өз елдерін тәртіпке келтіріп, қалыпты әрі қауіпсіз өмірге қолайлы жағдай жасау үшін аса шұғыл, тиімді шешімдер қабылдауды талап етіп отыр. Балаларымыз, жалпы халық ел басшыларының, ішкі істер министрлері мен басқа да ведомство жетекшілерінің заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын қабылдап жатқандарына көздері жетіп, өздерін қауіпсіз сезінуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.