Ғалымдар эмоцияны сөзбен дәл жеткізе алу мазасыздықты сейілтуі мүмкін екенін анықтады

/
Ғалымдар эмоцияны сөзбен дәл жеткізе алу мазасыздықты сейілтуі мүмкін екенін анықтады
сурет: istockphoto.com

Жапонияның Nagoya University ғалымдарының зерттеуіне сәйкес, эмоцияларын нақты атап, сөзбен жеткізе алатын адамдар мазасыздықпен жеңілірек күресуі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу Scientific Reports журналында жарияланған.

Ғалымдар 20-39 жас аралығындағы 505 жапониялық ересек адамға сауалнама жүргізіп, аутизм спектріне тән белгілердің деңгейін, белгісіздікке байланысты мазасыздықты және эмоцияларды сөзбен жеткізу қабілетін зерттеген.

Мамандардың айтуынша, аутизм белгілеріне әлеуметтік коммуникация ерекшеліктері, тұрақтылық пен алдын ала болжанатын ортаға ұмтылу жатады. Мұндай қасиеттер әр адамда әртүрлі деңгейде кездесуі мүмкін.

Зерттеу нәтижесі бойынша, аутизм белгілері көбірек байқалатын адамдар күтпеген немесе түсініксіз жағдайларда мазасыздықты жиірек сезінеді. Ғылымда бұл құбылыс «белгісіздікке төзбеу» деп аталады.

Сонымен қатар дәл осы адамдар өз сезімдерін сөзбен сипаттауға көбірек бейім болған. Ғалымдардың пікірінше, эмоцияны атау немесе ішкі күйді сөзбен жеткізу психологиялық қысымды азайтуға көмектеседі.

Бұған дейінгі зерттеулер де эмоцияны дауыстап айту, жазу немесе іштей нақтылау адамның ауыр сезімдерді жеңіл қабылдауына ықпал ететінін көрсеткен.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл тәсіл мектептерде, психологиялық терапияда және отбасылық қарым-қатынаста пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, адам өз күйін түсіндіре алмай қиналса, оған «сен қазір мазасызданып тұрсың» немесе «қатты шаршаған сияқтысың» деп нақтылап беру эмоцияны реттеуге көмектеседі.

Алайда ғалымдар бұл нәтижелер алдын ала қорытынды екенін атап өтті. Зерттеуге қатысушыларға аутизм диагнозы ресми қойылмаған, сондықтан қорытындыны аутизм спектріндегі барлық адамдарға тікелей қолдануға болмайды.

Қазір зерттеу тобы аутизм диагнозы қойылған ересектер арасында қосымша зерттеу жүргізіп жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары