Алматы полициясы қазақстандық актер Нұрғали Нұғманның балалық шағында сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көргені туралы резонанс тудырған видеоүндеуінен кейін процессуалдық тексеру бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, материал белгіленген тәртіппен тіркелген. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді шаралар жүргізіп жатыр.
«Әсіресе балаларға қатысты болуы мүмкін зорлық-зомбылық туралы мұндай мәлімдемелер құқықтық бағалаусыз қалмайды және ерекше бақылауда болады. Егер айтылған деректер расталса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Полиция тексерудің жан-жақты, толық әрі объективті жүргізілуін қамтамасыз етеді», – деп атап өтті полиция өкілдері.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта жарияланымда айтылған оқиғаларға қатысты ықтимал қатысушылар мен куәгерлер анықталуда. Тексеру барлық мән-жайларды толық, объективті және жан-жақты қарастыруды қамтамасыз ете отырып жүргізілуде.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Нұрғали Нұғманның видеоүндеуі тараған болатын. Онда ол балалық шағында Balapan балалар телеарнасының бұрынғы продюсері деп атаған ер адамның тарапынан сексуалдық зорлық-зомбылық көргенін айтқан.