Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімінің базасында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес рота командирлерінің үш күндік оқу-әдістемелік жиыны ұйымдастырылуда. Іс-шараға Атырау, Ақтөбе, Ақтау және Орал гарнизондарынан келген 40-қа жуық рота командирі қатысып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жиынның негізгі мақсаты – Ұлттық ұлан офицерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, теориялық және практикалық білімін жетілдіру, сондай-ақ командирлер арасында тәжірибе алмасу.
«Бұл оқу-әдістемелік жиынның басты мақсаты – рота командирлерінің кәсіби деңгейін көтеру. Олар мұнда алған тәжірибесін өз бөлімдерінде қолдана отырып, жеке құрамды оқытуға пайдаланады», – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы полковник Хамит Казенов.
Ұлттық ұлан әскерінде өтіп жатқан жиын далалық жағдайда, яғни полигонда ұйымдастырылған. Қатысушылар дене шынықтыру және атыс дайындығы бойынша практикалық сынақтар мен нормативтерді орындайды. Сонымен қатар байланыс, әскери топография, әскери-медициналық даярлық және тактикалық шеберліктерді жетілдіруге бағытталған сабақтар өтуде.
Аталған оқу-әдістемелік жиын Ұлттық ұлан рота командирлерінің басқарушылық қабілетін шыңдап, жауынгерлік дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды жиын.
